Павлодарлық қамшы өруші: Сарыала қамшыны төрге ілсе, үйге пәле-жала жоламайды

«Сарыала қамшыға сайтан жоламайды» деп, бақсылар адам ұшықтағанда қолданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Наурыз мерекесіне орай халықтыңұлттық өнерін жаңғырту мақсатында «Дарабоз» қалалық байқауы өтті.
Байқауға қалалық мектептердің тоғыз оқушысы қатысты.
– Қамшы өруге қолданатын теріні базардан жылқы мен серкенің терісін таңдап, сатып алып, қолданамыз, – дейді «Кәусар бұлақ» ата-әже мектебінің мүшесі Қайыржан Ахметов.
Зейнеткердің айтуынша, үш жылдан бері Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының оқушыларға қамшы өруді үйретіп келеді. Қамшы өру қолөнерін бала кезінде әкесінен үйренген қарт зейнетке шыққан кезінде жиен-немерелеріне үйрету барысында қайта қолға алыпты.
Қамшы өрушінің таныстыруынша, қамшы – берік материалдан жасалған сап, оған қайыстан өріліп бекітілген өрім мен саптың арасын байланыстырып тұратын алақан делінетін негізгі үш бөліктен тұрады.
– Қамшының сабы ағаш, мүйіз, металл тәрізді қатты материалдан жұмыр немесе қырлы етіп (сирегірек қайыстан өріледі) жасалады. Қамшының қолға ұсталатын бір жарым тұтамдай бөлігі терімен қапталады және оның ортасынан бүлдiрге бау өткізіледі, – дейді зейнеткер.
Қамшы өретін мамандарды «өрімшілер» деп атаған. Олар өрімді қайыстан өріп жасайды. Өрімнің ту ұшындағы ұшығы, яғни аяқталған тұсын мықтап бекітілмесе, өрім ширатылып, босаңсып кететіндіктен, қорғасынмен біріктіріп немесе шашақтап, түйіп аяқтайды. Түйін аса маңызды бөлшек, өйткені «тұрман түйіннен тозады» дейді қазақ мақалы.
– Қамшының сабы тобылғы, ырғай, еліктің сирағы тәрізді т.б. заттардан жасалады, – дейді қамшы өрімші.
Әсіресе тобылғы сапты қамшы жиі кездеседі, оның себебі тобылғының ерекше мықтылығына, су тисе ісінбейтініне, оның этномәдени ұжымның санасында ерекше қадір тұтатын зат екеніне байланысты болады.
Қамшы жасалған материалына жасалған шикізатының түріне қарай сүйек, мүйіз, тобылғы сапты, ырғай сапты, елік сирақ қамшы болып бөлінсе, қамшы сабындағы мойнағының неден жасалғандығына қарай ақ, сары, қызыл, жез, сарыала мойнақ қамшы болып бөлінеді.
– Сарыала қамшы жез бен мыс араластырып дайындалады. Бұл қамшыны көбіне ер адамдар ұстайды, – дейді Қайыржан Ахметов.
Зейнеткер қамшының ішіндегі ең әдемісі «Әшекейлі ақ қамшы» деп ойлайды. Себебі сабы ақ күмістен сәнделіп жасалды. Оны көбіне әйелдер ұстаған. Қамшының мұндай түрлерін алтын-күміс пластинкамен бунақтап, асыл тастан көз орнатып, күміс шеге, шытыралар шауып сәндеп, сылдырмақ, өрмесіне шашақ, түйін салып әшекейлейді.
Байқаудың жеңімпаздарына смартфон сыйға тартылды.