Павлодарлық әнші халықаралық байқауда жүлделі орын алды
Оған шығармашылығы үшін 130 мың теңгелік сертификат табыс етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Түркістанда халықаралық ХХVI «Қазақ романсиадасы» жас орындаушыларының байқауы өз мәресіне жетті. Шара Қазақстан халқы Ассамблеясының ауызбіршілікті сақтау, ұлтаралық достықты нығайту мақсатындағы бастамалары аясында ұйымдастырылды.
Түркістан облыс әкімдігі мен «Южный Казахстан» қоғамдық-саяси газетінің ұйымдастыруымен өткен өнер додасына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елінен 60 үміткер қатысып, байқау ережесіне сәйкес екі кезең бойынша бақ сынады.
Қазылар алқасының шешімімен Гран-при астаналық орындаушы Нұрсұлтан Ануарбекке бұйырды. Ал «Қазақ романсы» бағытында 1-орынды И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртісі Әлижан Қазбеков пен астаналық әнші Саят Сақитжан иеленді. Екінші орынды Шымкент қаласының орындаушысы Ораз Мұхамедияр, ал үшінші орынды Наманған қаласының тумасы Акобиржон Собиржонов және алматылық әнші Назым Дәулетқызы алды.