Павлодарлық аналар тарихқа тағзым күнін атап өтті
Айтулы күн аясында «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қазақ қоғамында айшықты орыны бар, дара тұлғалардың ескерткіштеріне барып, гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгінгі тарихқа тағзым күнін «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігіндегі аналар облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназиядан бастады. Мұнда меймандар Зара Қабдышқызына арналған мемориалдық тақтайға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
- Зара Қабдышқызы Павлодарда алғаш «Мұсылман әйелдерінің лигасын» құрып, талай игі істердің басында тұрды. Бүгінгі таңда ол «Нұр Ана әлемі» ҚБ болып өзгертіліп, Зара апаның бастаған ізімен талай істерді атқарып келеміз, - деді қоғамдық бірлестіктің төрайымы Бақытжамал Максилова.
Сонымен қатар, «Нұр Ана әлемі» ҚБ өкілдері қаламыздағы Абай Құнанбаевтың және көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұнғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, ұлттың біртуар ұлы Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне барып гүл шоқтарын қойды.
Шара барысында аналар домбыраның сүйемелдеуімен Абай әндерін орындады.