Павлодарлық ару Әлем кубогының күміс жүлдегері атанды

Полицей қолма-қол ұрыстан дене және техникалық дайындығын көрсетіп, қарсыластарын артта қалдырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Астана қаласында 2025 жылғы қолма-қол ұрыстан Әлем кубогының финалының соңғы кезеңі өтті. Жарысқа Павлодар қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды полиция инспекторы Мадина Жұмабаева қатысты.
Турнирде 20 елден келген 230-дан астам спортшы жиналып, жарысқа жоғары халықаралық мәртебе берді және спорт саласындағы ынтымақтастықты нығайтты.
Бірнеше сағат бойы жанкүйерлер татамиде өткен тартысты да әсерлі жекпе-жектерді тамашалап, қатысушыларға қолдау көрсетті. Жарысты білікті төрешілер бағалады.
Әйелдер арасындағы «Өзін-өзі қорғау» жоғары спорттық шеберлігін, дене және техникалық дайындығын көрсеткен Мадина қарсыластарын артта қалдырып, күміс медаль иегері атанды.
– Ерік-жігер мен көптеген сағаттық жаттығулар өз нәтижесін берді – менің қоржынымда күміс медаль. Алда да жеткен жетістіктеріммен тоқтап қалмай, мақсаттарыма сенімді түрде жетуге талпына беремін, – дейді Мадина.
Айта кету керек, Мадина Жұмабаева спортпен 16 жасынан бері айналысады. Бүгінде ол бокстан спорт шеберлігіне үміткер, қолма-қол ұрыс спортымен де шұғылданып, барлық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Әріптестері оның жеңісіне шын жүректен қуанып, жаңа белестерді бағындыруды, төзімділік пен табандылық тілейді және әрдайым құрмет тұғырының биігінде болуын қалайды.