Павлодарлық Аймауытов театры Мәскеу облысында өнер көрсетуде
Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры Мәскеу облысының Мытищи қаласына сапарға шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мәскеу облысы мәдениет және туризм министрлігінің мәліметінше, 26 қазан - 2 қараша аралығында «ФЕСТ» драма және комедия театрының сахнасында «Подмосковные вечера» атты VII Халықаралық театр фестивалі өтуде. Фестивальдің афишасында Пермь, Мәскеу, Нижний Новгород, Вологда, Челнов, Буинск, Мытищи, Санкт-Петербург, Челябинск, Петрозаводск, Павлодар (Қазақстан) театрларының 13 қойылымы көрсетіледі.
Аймауытов театрының ұжымы фестивальде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» қойылымымен өнер көрсетіп, көрермен мен қазылар алқасының ыстық ықыласына бөленді.
– Сондай-ақ сапар барысында Мәскеу қаласындағы Ваганьковское зиратында жатқан репрессия құрбаны, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытовқа және барша саяси қуғын-сүргін құрбандарына зиярат жасап, Құран бағыштап қайттық, – дейді әдеби бөлімнің меңгерушісі Нұркен Тұрлыбек.
Фестивальдің ұйымдастыру комитетіне қатысуға барлығы 300-ден астам өтінім түскен. Сараптамалық кеңес ұсынылған бейнежазбаларды қарау және ілеспе ақпаратты зерделеу негізінде спектакльдерді бағдарламаға енгізу туралы шешім қабылдаған. Нәтижесінде афишаға ең қызықты жұмыстар енгізілген.
«Подмосковные вечера» көрермендер көзайымы фестивалі болғандықтан, сарапшылар ең алдымен көрермендердің эмоционалды реакциясы мен қызығушылығын тудыратын қойылымдарға назар аударды. Гран-при иегері көрермендердің дауыс беру нәтижелері бойынша анықталады.
Еске сала кетейік, 30-шы жылдардың ойранына, НКВД-нің қанды шеңгеліне түскен Жүсіпбек Аймауытов таланты кемелденіп, үлкен шығармашылық кезеңге бет бұрған шағында 1930 жылдың 21 сәуірінде Мәскеудегі Бутырька түрмесінде атылған. ХХ ғасырдың басында ұлттық әдебиеттің барлық жанрында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгердің жерленген жері 2014 жылы табылған болатын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram