Павлодарлық бүлдіршіндер «Балауса» олимпиадасында сынға түсті
Командалар логикалық тапсырмалар орындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде өткен «Балауса» олимпиадасы облыс орталығындағы №44 сәбилер бақшасында мектепке дейінгі ересек жастағы балалар арасында өтті.
Биыл олимпиадаға облыстың қала-аудандарынан бес тәрбиеленушіден құралған 12 команда қатысты. Жалпы қатысушылар саны – 60 бала. Өткен жылы бүлдіршіндер саны 45 болса, биыл бұл көрсеткіш артқан.

«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі Жұлдыз Әбілдинованың айтуынша, білім додасы тоғыз кезеңнен тұрды. Қатысушылар «Түсіп қалған цифрды немесе белгіні қой», «Кодталған цифрлармен есептер шығар», «Жасырылған сөзді тап», «Музыкалық калейдоскоп», «Айырмашылықты тап» секілді тапсырмаларды орындады.
– «Балауса» олимпиадасы мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың зияткерлік, физикалық және шығармашылық қабілеттерін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олардың шығармашылық ойлауын, топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытады, – деді Жұлдыз Әбілдинова.
Нәтижесінде І орын Павлодар қаласындағы №44 сәбилер бақшасының «Smart Kids» тобына бұйырды. Команда құрамында Асылым Манар, Айзере Ғалым, Саяра Аскарова, Аяла Марат және Аделия Капкенова болды.
ІІ орынды Павлодар ауданындағы «Балапан» сәбилер бақшасының «Сиқырлы қылқалам» тобы иеленді. Команда құрамында Арина Белозуб, Никита Эберт, Александр Варкентин және Илья Бондаренко бар. Сонымен қатар, Екібастұз қаласындағы №12 сәбилер бақшасының «Сұңқар» тобы мен Баянауыл ауданындағы Зейтін Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің «Балдырған» тобы алды.
ІІІ орын Май ауданындағы Жалтыр жалпы орта білім беру мектебінің «Кішкентай жұлдыздар» тобы жеңіп алды. Топта Әбу Бәкір Ермек, Мұстафа Есенұлы, Әсел Төлеулинова, Дария Сұнғатолла, Салахан Әубәкір болды. Сондай-ақ, Железин ауданындағы №1 жалпы орта білім беру мектебінің «Жұлдызды экипаж» тобына және Тереңкөл ауданындағы «Айналайын» сәбилер үйінің «Экипаж знаний» тобына берілді.
Барлық қатысушыларға «Жер әлемінің білімдары» энциклопедиясы табысталды.