Павлодарлық бүлдіршіндерге Президенттің атынан сыйлықтар табыс етілді
Әрбір қатысушы ақшалай сертификат алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс» қонақүйінде президенттік «шырша» өтті, оған Павлодар облысының түпкір-түкпірінен келген екі жүз бала жиналды. Мерекеге мұқтаж балалар, волонтер-балалар, оқу үздігі, жетім балалар және басқалары қатысты.
Биылғы мерекенің ерекшелігі – сценарийді, музыкалық және би нөмірлерін Катаев атындағы оқушылар сарайының қызметкерлері дайындады. Ал сахналық қойылымдарды Аймауытов атындағы театр әртістері орындады.
Мерекенің шымылдығын «Блэйз» би тобы ашты. Ал 2024 жылдың ең танымал әндерін «Жаңа Стар» және «Тұмар» вокалдық студияларының мүшелері шырқады. Балалар Ертіс, Баян, Ғалым-бот, Олаф, Айдаһар, Жылан, Жезтырнақ сияқты кейіпкерлермен би билеп, Аяз ата мен Ақшақарды шақырды.
Облыс басшысы Асайын Байханов қонақтарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтап, келер жылы зор денсаулық, бақыт, үлкен жетістіктер тіледі.
– Жаңа жыл – барлығы асыға күтетін, үйлерімізге қуаныш, жайлылық пен бақыт әкелетін мереке, – деді облыс әкімі. Біздің балалар оқуда, шығармашылықта, спортта үнемі биік белестерді бағындырады. Балалар – мемлекетіміздің болашағы.
Аймақ басшысы кішкентай қонақтармен бірге шыршаға ағаш таңбалы петроглифтерді іліп қойды.
Жұмбақ карнавал ханшайымы болып киінген ақсулық 11 жасар Динара Тілеубек бұл мереке қатты көңілінен шыққанын айтады.
– Маған бұл шарадағы билер мен әндер қатты ұнады. Осындай шыршаға келуді армандаған едім. Келесі жылы барша қазақстандықтардың көңілді қарсы алғанын қалаймын, – деді мектеп оқушысы.
«Аяз атаға сенесіз бе?» деген сұраққа Динара Тілеубек бұл құпияның әлдеқашан сыры ашылғанын айтады.
– Бұрын Аяз атаға сенетінмін, қазір сенбеймін. Өйткені бұл – үлкендердің ойлап тапқан қиялы. Ата-анам Аяз ата мен Ақшақар болып киініп, сыйлықтарымды төсегімнің астына жасырып қоятын. Сондықтан биыл одан ештеңе күтпеймін, – дейді Динара Тілеубек.
Балалардың әрқайсысы Президенттің сыйлықтарына риза болды. Барлығына құттықтау қағазы, танымдық кітап, жұмсақ ойыншық, тәттілер жинағы және 150 мың теңге ақшалай сертификат берілді. Мереке соңында балаларды тәтті дастархан күтіп тұрды.
Фото: Валерий Бугаев