Павлодарлық Баджо ауыр жарақатынан айықты

Павлодарлық Баджо ауыр жарақатынан айықты
Фото

Футболшы жарақатты жазда алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық «Ертіс» командасының жартылай қорғаушысы Тамерлан Ағыманов ауыр жарақаттан кейінгі оңалту жұмыстарының маңызды кезеңін сәтті аяқтап, футбол алаңына оралуға ниетті. Жас футболшы бұл туралы Instagram парақшасында 2026 жылғы күрделі маусымның қорытындысын шығара отырып жазды.

– Бұл маусым маған ерекше эмоциялар мен маңызды тәжірибе сыйлады. Сонымен қатар, өмірде бәрі бірдей сен қалағандай бола бермейтінін түсіндім. Премьер-лигадағы алғашқы голымды соққаныма қуаныштымын. Әсіресе бала кезімнен өзім бір бөлшегі болып келе жатқан туған клубымның сапында гол соққанымның орны бөлек. Өкінішке қарай, жарақат жоспарларыма өзгеріс енгізді. Бірақ бұл уақытша үзіліс қана. Маусым бойы қолдау көрсеткен командама, жаттықтырушылар штабына және жанкүйерлерге алғыс айтамын. Алда қалпына келу, үлкен еңбек және алаңға қайта оралу күтіп тұр. Міндетті түрде бұрынғыдан да мықты болып ораламын, – деп жазды Тамерлан Ағыманов.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың 5 шілдесінде Қызылордада жергілікті «Қайсарға» қарсы өткен сырт алаңдағы матчта (0:0) «Тамер» ауыр жарақат алып, тізе буынының айқас байламдарын үзіп алды. Шілде айының соңында футболшы Германияның Мюнхен қаласында ота жасатты. Хирургиялық араласуды танымал неміс профессоры Мирко Херберт жүргізді. Операциядан кейін ойыншы маусымның қалған бөлігін қалпына келу жұмыстарына арнады.

Жас болғанына қарамастан, жартылай қорғаушы қазақстандық футбол тарихында өз есімін қалдырып үлгерді. 2022 жылдың мамырында ол 15 жас, 8 ай және 21 күнінде Қазақстан Премьер-лигасында алаңға шығып, чемпионат тарихындағы ең жас дебютант атанды.

«Ертіс» сапында Тамерлан Ағыманов тек техникалық шеберлігімен ғана емес, футболды өзгеше ойлау қабілетімен де ерекшеленді. Ойын мәнері мен шабуылдаушы жартылай қорғаушы ретіндегі позициясы жағынан оны футбол әлемінде «фантазиста» деп аталатын ойыншылар қатарына жатқызуға болады. Осы тұрғыдан алғанда, аты аңызға айналған италиялық Роберто Баджоға ұқсастығы бар. Сондықтан оны павлодарлық Баджо деп атауға әбден болады.

2026 жылғы маусымда Тамерлан Ағыманов барлық турнирде 16 матч өткізді (Қазақстан Премьер-лигасында – 15, Қазақстан кубогында – 1). Алаңда өткізген жалпы уақыты – 548 минут. Бес кездесуді негізгі құрамда бастаса, тағы 11 ойында қосалқы құрамнан шықты. Есебінде бір гол бар. Оны «Елімайға» қарсы өткен, 2:2 есебімен аяқталған кездесуде соқты. Оның голы есепті теңестіріп, мықты қарсыласпен өткен ойында командасына бір ұпай сыйлады.

Ендігі басты міндет – толық қалпына келіп, футбол алаңына қайта оралу. Тамерлан Ағымановтың таланты, футболдық түйсігі мен әлеуетін ескерсек, «Ертіс» жанкүйерлерінің өздерінің павлодарлық Баджосына тезірек оралуын тілейтіні анық.