Павлодарлық бейнебақылау инспекторы ұрыны қалт жібермейді

Қарлығаш Қинашева жедел басқару орталығы 2006 жылдың мамыр айында құрылған кезден бастап жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық қала өміріне тәулік бойы бақылау жүргізеді.
– Біздің орталықтың басты қызметі – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Заманауи технологиялардың мүмкіндігінің арқасында тәулік бойы ұсақ бұзақылықтарды, қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішуді және басқа да тәртіп бұзушылықтарды тіркейміз. Бұдан басқа, қала жолдарындағы жағдайды, мемлекеттік автомобиль нөмірін, қауіпсіздік белбеуін, телефонмен сөйлесуді тиімді қадағалаймыз, – дейді подполковник Қарлығаш Қинашева.
Мұның бәрін бейнебақылау камерасынан оңай көруге болады. Жабдық жоғары орналасқанымен, кескін сапасы одан зардап шекпейді.
Бейнебақылаудың арқасында жыл басынан бері қаланың көшелерінде және қоғамдық орындарында жасалған екі мыңға жуық түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Тәртіп сақшысы бейнекамералардың көмегімен ұрыны ізін суытпай қалай ұстағанын есіне алды.
– Таңертең ерте Майра көшесіндегі дүкендердің бірінің жанында белгісіз адам дүкен тонағаны туралы қоңырау түсті. Осы ауданды пысықтауға алып, бейнекамералардың жазбаларын мұқият қарай бастадым. Көшелердің бірінде қарақшы тіркелді, дереу автопатрульге күдіктінің нақты белгілері мен жүру бағытын бердім. Тәртіп сақшылары ұрыны қолға түсірді, – дейді ол.
Қарлығаш Қинашеваның айтуынша, инспектор бейнебақылау жүргізіп қана қоймай, құқық бұзушылықты дұрыс саралап, заңды баға беруі керек. Бейнекамерамен жіберілген әрбір кадр 7-10 күнге дейін сақталады және ол дәлелді негіз ретінде пайдаланылуы мүмкін.
– ЖБО – менің екінші үйім және жұмыста көп уақыт өткізетін адам үшін ұжым маңызды рөл атқарады. Біздің әрқайсымызды жауапкершілік, жұмыс істеуге деген ұмтылыс біріктіреді. Ал ұйымшылдық қосымша көңіл күй қалыптастырады және өнімді қызметке ынталандырады, – деп атап өтті подполковник.
Әріптестер Қарлығаш Қинашеваның жауапкершілік, әдептілік, жауаптылық және әділдік сияқты қасиеттерін бағалайды. Бейнебақылау инспекторы үздік қызметі үшін бірнеше рет министрліктің және департаменттің Алғыс хаттарымен, грамоталарымен марапатталған.
Ол туыстары мен жақындарына уақыт тауып, спортпен шұғылданады, сайклинг, волейбол, мәнерлеп сырғанауды, жағалауда серуендеуді ұнатады. Қызы Ділназ – студент, ұлы Әлмансұр биыл мектепті бітіреді.