Павлодарлық бойжеткен ұстаздық пен актерлікті қалай қатар алып жүргенін айтты
20 жастағы Мерей Мұрат театрдың қазіргі рөлі туралы ой қозғап, жас актерларға кеңес берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Екібастұз қаласының тумасы Мерей Мұрат театр ойнаушысы қазіргі таңда мамандығы бойынша жұмыс істейді. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді, бірақ, жаны үшін, театр жақынырақ. Мерей күнделікті жағдайларды сырттан бақылай отырып, адамгершілік, адами қасиеттерді дамытатын нәрселерді, театр арқылы жеткізеді.
– Менде жалпы өнерге деген қызығушылық басым. Өнердің ішіндегі театрға жаным құмар. Қазір өнерді хобби ретінде бірге алып жүремін. Бірақ, өкінішке орай, қазіргі кезде адамдар театр өнерін түсінбейді, бірақ қоғам үшін оның рөлі өте зор. Театр көрермендерді күлдіруге, жылатуға және күнделікті өмірде сезінбейтін түрлі эмоцияларды сезінуге итермелейді,– деп атап өтті ол.
Мерейдің бала кезіңдегі арманы театр актрисасы болу. Студенттік шағында Екібастұз қаласындағы «Өнер» мәдениет сарайында, жолында жүрген жас өнерпазбен бірге «Бойтұмар» деп аталатын жастар театрын ашты. Сол жерде өзі де ойнады. Мерей үшін, әр қойылымнан кейін, көрерменнің ду қол шапалағы үлкен шабыт әкелді.
– Әрине, ойнау қиын. Жай ойнай салып емес, сол кейіпкердің жан дүниесін зерттеп, бар болмысына ену керексің. Актерлық шеберлік керек. Қойылым барысында түрлі жағдай орын алып қалуы мүмкін. Сахнада пауза болып қалмауы үшін импровизация мықты болуы керек. Сонда ғана халық саған сене алады,– деді Мерей Мұрат.
Оның сөзінше, әр кейіпкерді зерттеу барысында, әсіресе, орта жастағы әйелдің образын ойнау үлкен қиыншылық тудырады. Бірақ ол бар күшін жинап, өз жұмысын сәтті орындауға тырысты.
Мерей осы уақытқа дейін Алматы қаласынан кино кастингтерге шақырту алған болатын, бірақ белгілі себептерге байланысты бара алмады. Алдағы уақытта сол мүмкіндікті іске асырғысы келеді.
Театр өнеріне ғашық еткен Ж.Аймауытов театры еді. Өз өнерімен баурап алған, одан сайын театр өнеріне ғашық қылған сүйікті ойнаушылары да бар. Әзірбайжан Мәмбетов атындағы, мемлекеттік драма және комедия театрының актерлары Үсен Бекжігіт, Ілияс Мұратбек, Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының әртісі Еркежан Төлеубек, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрынан Ақбота Рахат, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрынан Ажарлым Мағзұм, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрынан Әнелі Сағындықова өзіндік ойнау шеберліктерімен, сахна тілімен, театрға ғашық қылған жандар қатарында. Олардың өздеріне де, өнерлеріне де ғашық екен.
– Жас актёрларға айтар кеңесім: өнер жолы – ауыр жол. Тыңбай еңбек етіңіздер, еңбек жемісін береді. Болашақта сіздермен мақтана алатындай дәрежеде болайық,– деді Мерей Мұрат.
Анастасия Костеева