Павлодарлық чемпион зілтемірші қарияларға қалай шабыт беруде?

Жарысқа әлемнің 900-ден астам спортшылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қарағандыда өткен Әлем чемпионатында Ұлттық пауэрлифтинг қауымдастығы ұйымдастырған Қазақстан спортшылары табысқа жетті. Солардың ішінде Павлодар қаласының атынан барған Қанат Шақуов ерекше көзге түсіп, ел мерейін асырды. Ол «штанганы бицепске көтеру» сайыс түрінде үш бірдей алтын медаль жеңіп алды, Қазақстанның үш рекордын жаңартты және Халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Додаға әлемнің тоғыз елінен 900-ден астам мықты спортшы қатысқанын ескерсек, павлодарлық жаттықтырушының жеңісі – тек жеке табыс емес, бүкіл елдің абыройы.
Жеңіс кездейсоқ келген жоқ. Қанат Шақуов жеті ай бойы жүйелі дайындық жүргізді. Жаттығуларын ол Павлодардағы екі жерде өткізген: «Шымыр» бассейні жанындағы спорт кешені, «Динамо» спорт кешенінде.
– Мен үшін басты қарсыласым өзім және темір штанга болды. Кейде жаттығуда салмақ мүлде көтерілмей қалатын. Бірақ жарыс күні ерекше күйге түсесің, адреналин артып, мүлде басқа күш ашылады. Тіпті жаттығуда бағынбаған салмақты жарыста көтеріп, үстіне алты келі қосып рекорд орнаттым, – дейді чемпион.
Қанат Шақуов спортпен бала кезінен айналысқан. Алдымен боксқа барып, кейін жеңіл атлетикаға ауысқан. Президенттік көпсайыстан бірнеше рет топ жарып, төрт дүркін Қазақстан чемпионы, бірнеше дүркін күміс пен қола жүлде иегері, Қазақстан кубогының жеңімпазы атанған.
– Спорт мен үшін өмірдің бір бөлігіне айналды. Ол – тәртіп, табандылық, мақсатқа жету жолындағы қажыр. Қандай қиындық болса да, спортшының шыныққан мінезі оны жеңіп шығуға көмектеседі, – дейді ол.
2022 жылдан бері Қанат Шақуов Павлодардағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» жаттықтырушы болып еңбек етеді. Мұнда 30-дан астам адам, оның ішінде 50 жастан 76 жасқа дейінгі азаматтар спортпен айналысады.
– Мен шәкірттеріме өзім арқылы шабыт бергім келеді. Көп адам зейнетке шыққан соң спортпен айналысуды кеш деп ойлайды. Ал мен керісінше, кез келген жаста спортқа келуге болатынын көрсеткім келеді, – дейді ол.
Оның айтуынша, спорт адамдарды жасартып қана қоймайды, өмірге деген құштарлықты арттырады. Орталыққа келушілердің көбі бастапқыда сенімсіздікпен қараса, уақыт өте келе нәтижесін көріп, өз денсаулығына көңіл бөле бастайды.
– Жақындарымның қолдауы – ең үлкен күш. Жұбайым мен балаларым әрқашан қасымда болды. Ал анам қатты уайымдады, себебі мұндай салмақ денсаулыққа қауіпті деп қорықты. Бірақ жеңісімнен кейін бәрінің қуанышын көру – мен үшін ең үлкен марапат, – дейді спортшы.
Қанат Шақуов өз жетістігімен тоқтап қалмақ емес. Оның келесі мақсаты – шәкірттерін ірі халықаралық додаларға дайындау.
– Келер жылы екі-үш спортшымды Азия чемпионатына апарғым келеді. Өзім жеңіс көрдім, енді шәкірттерімнің жеңісін көру мен үшін одан да үлкен бақыт болар еді, – дейді ол.
Қанат Шақуов жас буынға қарапайым, бірақ құнды кеңес айтады.
– Ең бастысы – бастау. Таңертең аздап жүгіру, бірнеше рет жаттығу жасау – кішкентай қадам болғанымен, үлкен нәтижеге жеткізеді. Тұрақтылық пен табандылық – жетістікке апарар басты кілт.
Қанат Шақуовтың жеңісі – Павлодар спортының дамуы үшін үлкен мақтаныш. Ол өзінің табандылығы мен еңбегінің арқасында тек Қазақстанды ғана емес, күллі әлемдік спорт аренасын таң қалдырды. Оның жолы – жас ұрпаққа шабыт, үлкен буынға – үміт, ал елге ‐ мәртебе.