Павлодарлық дәстүрлі әнші республикалық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды
Байқау Ұлытау облысында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қаражал қаласы Жәйрем кентінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халық әртісі, дарынды әнші Манарбек Ержановтың 122 жылдығы аясында I Республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өткізілді.
Байқауда Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Дәуренбек Слямғали Бас жүлдені жеңіп алды.
- Өнерпаздар екі кезеңде сынға түсті. Дәуренбек Слямғали 1-кезеңде халық әні «Келіншек», Ақан серінің әні «Құлагер», Жарылғапберді Жұмабайұлының әні «Топай көк» туындыларын орындаса, 2-кезеңде халық әні «Смет», Манарбек Ержановтың әні «Біржан салға», Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әндерін орындады, - деді филармонияда.
Бас жүлдені еншілеген павлодарлық өнерпазға 1 млн теңге жүлде табысталды.