Павлодарлық данагөй қарттар сахнада бірлік жырын шырқады

Барлығы 12 қатысушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Республика күніне орай арналған – «Ақсақалдар арасындағы поэтикалық-ән фестивалі» өтті. Бұл шара өңірде алғаш рет ұйымдастырылып, еліміздегі рухани бірлік пен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеуді мақсат етті.
– Біз фестивальді Ассамблеяның 30 жылдығына және Республика күніне арнап өткізіп отырмыз. Бұл жарыс емес, бұл достық пен рухани байланыс мерекесі. Мұнда ешқандай қазылар алқасы жоқ, әр қатысушы өз өнерін халыққа арнап көрсетеді, – дейді облыстық «Ақсақалдар кеңесі» төрағасының орынбасары Василий Рак.
Оның айтуынша, іс-шараға ең жасы 66 жастағы, ал ең үлкені 87 жастағы ақсақалдар мен әжелер қатысты. Барлығы 12 қатысушы сахнаға шығып, туған жерге деген сүйіспеншілігін өлеңмен өріп, әнмен жеткізді.
Фестивальдің қатысушысы, ардагер ұстаз Нұршат Нұрғалиева бұл шараның қоғамдағы орны ерекше екенін айтты. Ол ел есінде жүрген ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері Зара Қожахметованың еңбегін еске алды.
– Мен «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінен облыстық Ақсақалдар кеңесінде отыз жылдан астам уақыт белсенді қызмет етіп келемін. Жақында ғана осы ұйымның негізін қалаған Зара Қожахметова апамыздың еске алу кешін өткіздік. Ол кісі Мұсылман әйелдер лигасын ұйымдастырып, жастар мен аналар арасындағы байланысты нығайтқан тұлға еді. Біз соның ізін жалғап келеміз, – деді қатысушы.
Фестивальде Нұршат Нұрғалиева бала кезінде жаттаған Абай Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін орындады.
– Біз жастарға «Отанды сүю – отбасынан басталады» деп үйретуіміз керек. Сол арқылы олар нағыз патриот болып өседі, – дейді ол.
Сахна төрінде елге деген сағынышын, махаббатын жыр еткен ақсақалдар мен әжелердің орындауындағы туындылар кеш қонақтарын ерекше әсерге бөледі. Бұл жерде өнер көрсеткендердің ішінде өзге ұлт өкілдерінің ақсақалдары мен әжелері бар. Атап айтқанда, болгарлар, ұйғырлар, қырғыздар, немістер, украиндар, поляктар. Олар қазақ және орыс тілінде өздерінің өнерлерін көрсету арқылы көрермендердің ықыласына бөленді.
– Бұл шара ел бірлігінің, достық пен өзара сыйластықтың айғағы. Ақсақалдар кеңесінің отырыстарында осы фестиваль туралы ұсыныс айтылған кезде, барлық қатысушылар өз еріктерімен қатысуға тілек білдірді. Біз арнайы ереже жасап, оны екі тілде қазақ және орыс тілдерінде тараттық. Бәрі ризашылықпен қабылдады, – дейді облыстық Ақсақалдар кеңесінің кураторы Динара Жақанова.
Iс-шараның басты мақсаты – Қазақстандық ақындардың әдебиеті мен өнеріне деген қызығушылықты қалыптастыру және поэтикалық-ән шығармалары арқылы шығармашылық өзін-өзі көрсету.
Фестивальде орындар бөлінбейді, яғни бұл жарыс емес. Барлық қатысушыларға Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының атынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Павлодар қаласындағы алғашқы «Ақсақалдар арасындағы поэтикалық-ән фестивалі» – халқымыздың бай рухани мұрасын, ұлттық бірлікті және қарттардың даналығын дәріптейтін ерекше мәдени шара ретінде есте қалды.