Павлодарлық екі тұрғын әлеуметтік желіде тыйым салынған материал таратқан
Полиция діни сипаттағы әдебиеттерді тарату және жүзеге асыру үшін тиісті рұқсаттың болуы қажет екенін түсіндірді, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «В Контакте» әлеуметтік желісіндегі интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу барысында облыс орталығының 40 жастағы тұрғынының діни мазмұндағы материалдарды орналастыру фактісі анықталды. Осыған ұқсас бұзушылық 30 жастағы қала тұрғынында да анықталды.
– Аталған фактілер бойынша аталған азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік материалдар қозғалды. Барлық алынған материалдар бойынша сараптама тағайындалды. Нәтижесінде процестік шешім қабылданады, – деді Павлодар облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жанат Сләмов.
Айта кету керек, биыл тәртіп сақшылары Діни қызмет туралы заңнаманы бұзудың 24 фактісін, оның ішінде белгіленбеген жерлерде діни әдебиеттерді іске асырудың төрт фактісін және діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы өзге де материалдарды заңсыз сақтау мен таратудың 20 фактісін анықтады.