Павлодарлық энергетик мемлекеттік наградамен марапатталды
40 жылдан астам уақытын туған өлкесінің жылуы мен жарығына арнаған Борис Артюховтың кәсіби шеберлігі жоғары деңгейде мойындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, ол ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері атанды. Павлодар 2-ЖЭО қазандық цехының аға машинисі Борис Артюховқа Қазақстан Республикасының құрметті мемлекеттік наградасын Энергетика министрлігінің тапсырмасы бойынша кәсіпорынның бас директоры Олег Щемель салтанатты түрде табыс етті.
Борис Артюховтың энергетика саласындағы еңбек жолы 1985 жылы Павлодар 2-ЖЭО-да бастау алған. Содан бері ол қазандық цехының оты мен жалынының арасында жүріп, тозаң дайындау және күлді сумен шығару жүйесі жабдықтарының үздіксіз жұмысын мүлтіксіз қадағалап келеді. Оның кәсіби қызметі станцияның тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды.
Маманның тікелей техникалық бақылауымен қазандық цехының жұмысы айналмалы су құбырынан 2-ЖЭО тұндырылған су станциясы арқылы қоректендіру жүйесіне көшірілді. Компанияда атап өткендей, бұл техникалық шешім қазандық бөлімінің негізгі және қосалқы жабдықтарының сенімділігін арттырып қана қоймай, өндірістік тиімділікті жаңа деңгейге көтерді.
Көпжылдық адал еңбегі үшін Борис Михайлович бұған дейін де бірнеше мәрте «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ мен Қазақстан Электр энергетикалық Қауымдастығының Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ Павлодар қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.