Павлодарлық футболшы қыздар тарихи қадам жасады
Қазақстанда әйелдер футболы чемпионатының жаңа маусымы басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биылғы турнир ерекше оқиғамен есте қалмақ — Павлодар қаласының командасы алғаш рет кәсіби деңгейде өнер көрсетіп, ел біріншілігінде дебют жасады. Алғашқы ойында павлодарлық футболшы қыздар астаналық «Жеңіс» командасымен кездесіп, 0:3 есебімен жеңіліс тапты. Соған қарамастан, бұл матч команда үшін маңызды тәжірибе болды.
Екінші тур аясында павлодарлықтар Петропавл қаласына аттанып, «Қызылжар» командасына қарсы ойнайды. Кездесу 5 мамырға жоспарланған.
Жалпы, биылғы әйелдер лигасында 18 команда бақ сынайды. Олар «А» және «В» атты екі аймақтық конференцияға бөлінген. Павлодарлық команда «В» конференциясында өнер көрсетеді.