Павлодарлық кірпіш өндіруші бұғатталған шоттарын ашуға көмек сұрауда
Кәсіпорынның жұмыс істей алмағанына екі жыл болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасында жеке қабылдау барысында «Домстрой ПВ» ЖШС өкілі Владимир Репалов бизнестегі мәселесі туралы экономикалық тергеу департаментінің басшысы Ерік Есеновке айтып берді.
Кәсіпкердің айтуынша, шамамен 40 адамнан тұратын үлкен кәсіпорында бірқатар мәселелер туындаған.
Көптеген жылдар бойы Павлодар мен Астананың құрылыс кәсіпорындары жаңа өндіретін ақ силикатты кірпішті сатып алуға бір жыл бұрын шарт жасап, шикізат пен қосалқы бөлшектерді сатып алу үшін төлемді алдын ала беріп, бірге жұмыс істеп келген. Зауыт өзінің салық және жалақы шығындарын осы алғашқы төлемдермен жауып отырған.
Әр түрлі қалалардағы ғимараттарға кірпіш шығарып, тұрақты жұмыс істеп, жұмысшылардың жалақысын уақытында беріп келе жатқан кәсіпорын Екібастұздағы баршаға белгілі төтенше жағдай болған кезден соң, осы қаламен байланысты жобалар бойынша шарттық қатынастарды бұзуға мәжбүр болған. Шарт бұзылғаннан кейін зауыт кредиторлар мен салықтарды және жалақыны төлей алмай қарыздар болып, компанияның шоттарын бұғаттаған. Бір жылдан кейін зауыт оңалтуға өтініш берген. Сонда да берген өтінішінен зауытына көп пайда келе қоймапты.
– Шоттарды ашу керек. Олар жабылған кезде кәсіпорынмен ешкім жұмыс істегісі келмейді және жұмыс істей алмайды. Екінші жыл шоттарға тыйым салынды, сондықтан біз екінші жылға ешқандай өндіріс жүргізуді жоспарлап отырған жоқпыз. Бірақ кірпішке деген сұраныс бар, – дейді Владимир Репалов.
Аталмыш кәсіпорын ЖБИ-4 темірбетон бұйымдарының бұрынғы зауыты болғандықтан, бастапқыда әлеуметтік бағдарламалар бойынша тұрғын үй салу үшін салыстырмалы түрде арзан кірпіш шығаруға есептелген болатын. Сол себепті де кәсіпорында белгіленген баға ең төмен болды. Сондықтан бүкіл Павлодар қаласы құрылыс үшін дәл осы жерден кірпіш сатып алатын.