Павлодарлық кітапханашылар Брайль қарпінде Ыбырай Алтынсариннің кітабын шығарды

Павлодарлық кітапханашылар Брайль қарпінде Ыбырай Алтынсариннің кітабын шығарды
Фото: Кітапханадан

Жинаққа жазушының танымал әңгімелері топтастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Биыл қазақтың ұлы ағартушысы, жазушы, этнограф және қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаға орай көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапхана қызметкерлері ұлы ағартушының «Кел, балалар, оқылық!» әңгімелер жинағының бедерлі-нүктелі Брайль қарпімен және аудиоформатта дайындап, басып шығарды. 

Басылымды басып шығарудың басты мақсаты – көру қабілеті нашар жандардың рухани-танымдық әдебиеттерге қолжетімділігін арттыру, шығарманы Брайль қарпі арқылы өз бетінше оқуға және аудионұсқасы арқылы тыңдауға мүмкіндік жасау. 

– Кітаптың Брайль нұсқасын әзірлеп басып шығаруға шамамен екі ай ал аудиоформатын дайындауға үш ай уақыт жұмсалды. Басылым қазақ тілінде жарық көрді. Кітаптың аудионұсқасын кітапхананың тұрақты оқырманы  Қарақат Тілеуберді дыбыстады, – деді аталмыш кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің басшысы Салтанат Жанғазинова. 

Рухани орда 20 қараша күні кітаптың тұсаукесерін өткізді.Тағылымды шараға жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Серік Сатыбалдин бастаған зиялы қауым өкілдері, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының оқушылары және кітапхана  оқырмандары қатысты.

Іс-шара барысында қатысушыларға Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен ағартушылық қызметіне арналған бейнеролик ұсынылып, ұлы ұстаздың өлеңдері оқылды. Сонымен қатар, қаламгердің «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінің аудиожазбасы тыңдалды. 

– Бұл басылым – ұлы ағартушының мол мұрасын кеңінен насихаттауға, көру қабілеті нашар азаматтардың кітап әлеміне еркін қол жеткізуіне бағытталған игі бастама. Рухани құндылықтарды дәріптеп, кітап оқуға тең мүмкіндік қалыптастыру жолындағы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек, – деді бөлім басшысы.

Айта кетелік, жинаққа «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Талаптың пайдасы», «Әке мен бала», «Абылай хан», «Асыл шөп», «Бақша ағаштары», «Бір уыс мақта» және т.б танымал әңгімелері енген.