Павлодарлық кәсіпорындар өз жұмысын жақсартуға қарқынды түрде ұмтылуда

Олар QazIndustry орталығына өтінім беретін өңірлер тізімінде ең белсенді болып шықты, деп хабарлайды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.
Биылғы жылдың басынан бері QazIndustry кәсіпорындардан түскен жалпы құны 148,6 млн теңгені құрайтын өтінімдерді мақұлдады. Бұл қаражат технологиялық үдерістерді жетілдіруге, цифрлық шешімдерді енгізуге, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және жаңа жабдықтар сатып алуға бағытталған.
- Өтінім беру жағынан Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы, сондай-ақ Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы индустрия өкілдері белсенділік танытты. Ал салалар бойынша ең көп өтінім машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, металлургия, жеңіл және фармацевтика өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардан түсті, - деп атап өтті бизнесті ынталандыру дирекциясы.
Көптеген кәсіпорындар бизнесті ынталандыру тетіктерін пайдалануға белсенді кірісуде. Өткен жылы еліміз бойынша жалпы 1,2 миллиард теңгеге өтінімдер мақұлданған.
Кәсіпорындар өз шығындарын бірнеше бағыт бойынша өтей алатынын еске салған жөн. Мысалы, QazIndustry технологиялық жабдықты сатып алу, оны орнату, іске қосу және техникалық қызмет көрсетуге кеткен шығынның 40 пайызға дейінін өтеуге көмектеседі. Бірақ шығындар жылына 60 миллионнан аспау керек. Бұл ереже автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу мен цифрлық жабдықтарды сатып алу шығындарына да қатысты.
Сонымен қатар, кәсіпорындар қызметкерлердің біліктілігін арттыруға немесе шетелдік мамандарды тартуға жұмсалған шығындарды өтей алады.