Павлодарлық колледж ұстаздары республикалық байқауда топ жарды

Павлодарлық колледж ұстаздары республикалық байқауда топ жарды
Фото: Электроника және байланыс жоғары колледжі

Бұл байқауға қатысу педагогтардың тәжірибе алмасуына және біліктілігін арттыруға тамаша мүмкіндік болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Актөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы темір жол көлігі саласы бойынша республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті.

Оған еліміздің әр түрлі білім беру мекемелерінен келген ең үздік мамандары жиналды. 

– Өңір намысын Электроника және байланыс жоғары колледжінің ұстаздары – электроника және байланыс жоғары колледжінен автоматика, телемеханика және теміржол транспортындағы қозғалысты басқару мамандығы бойынша Василий Исаенко, теміржолдардың вагондары мен рефрижераторлық қозғалмалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету мамандығы бойынша Бахытнур Шаймарданова, теміржол көлігіндегі жүк тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалыс басқару мамандығы бойынша Нина Курочкина қорғады, – дейді колледждің баспасөз орталығында.

Байқау «Автоматика, телемеханика және теміржол транспортындағы қозғалысты басқару», «Теміржол транспортындағы көтеру, құрылыс және жол машиналары мен механизмдерін пайдалану және техникалық қызмет көрсету», «Теміржолдардың тартқыш қозғалыс құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Теміржолдардың вагондары мен рефрижераторлық қозғалмалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Теміржол құрылысын жүргізу, жол және жол шаруашылығы», «Теміржол көлігіндегі жүк тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалыс басқару» мамандықтары бойынша өткізілді.

Дода нәтижелері бойынша өңір оқытушылары жоғары кәсіби даярлық деңгейін көрсетіп, келесі марапаттарға ие болды:

  • Василий Исаенко – Бас жүлде;
  • Бахытнур Шаймарданова – 1 орын;
  • Нина Курочкина – алғыс хат.

Электроника және байланыс жоғары колледжінің басшысы Марат Нығметовтың айтуынша, бұл байқауға қатысу педагогтардың тәжірибе алмасуына және біліктілігін арттыруға тамаша мүмкіндік болып, сондай-ақ еліміздегі білім беру мекемелері арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға ықпал етті. Байқау талантты педагогтарды анықтап қана қоймай, Қазақстандағы теміржол көлігі саласындағы білім беру процесін дамытуға да оң әсерін берді.