Павлодарлық мұғалім: Қыздар бұрымын ешқашан тарқатпаған

Павлодарлық мұғалім: Қыздар бұрымын ешқашан тарқатпаған

@Pavlodarnews.kz тілшісі қыз баланың шаш қою үлгісінің түрлерін, өрімдердің нені білдіретінін анықтап білді. 

Павлодар қаласының №41 дене шынықтыру-сауықтыру бағытындағы жалпы орта білім беру мектебінің көркем еңбек мұғалімі Дина Ержанованың айтуынша, қазақ халқында шаштың өрімі ерекше мәнге ие. Ол көбінесе қыздың немесе әйелдің сұлулығы мен нәзіктігін білдіреді. 

– Шаштың өрімі белгілі бір дәстүр мен тәртіптің, сондай-ақ қоғамдағы орны мен рөлінің белгісі болуы мүмкін. Ерте заманда бойжеткен қыздарға  міндетті түрде қос бұрым қойған. Бұрым – сұлулықтың, инабаттылықтың, ұрпақ сабақтастығының белгісі. Қос бұрым — қыздың назы мен бостандығының белгісі, – деді Дина Ержанова.

Қыздың арқасына түсетін ұзын бұрым ерекше күш-қуат беріп, әйелдің тәні мен рухын мықты қылған. 

– Тұрмысқа шыққан әйелдің шашы екіге бөлініп, қос бұрым болып өрілген. Яғни, ендігі жерде әйелдің күші екіге қақ жарылған. Енді ол әрі әйел, әрі ана ретінде күш жұмсайды. Оның рухани күші тек өзіне ғана емес, отбасына, күйеуі мен балаларына да жұмсалады, – деп атап өтті Дина Ержанова.

Қызға құда түсушілер көбейгенде қос бұрымға тағы бір бұрым қосылады. Бұл «көп құда түсушіден тек жақсысы бұйырсын» деген ізгі ниеттен туған. Бірақ қазақ халқы қызға үш бұрым қоюға да аса сақтықпен қарайды. Өйткені мұны «менмендік әрі құда таңдаудың бір көрінісі» деп те түсінетіндер болған.

– Сыңар бұрымды көбіне оң босағада отырып, тұрмысқа шықпай қалған қыз қояды. Бұл – жалғыздықтың белгісі. Қыз баласының бұрымы ешқашан кесілмеген. Бабаларымыздың қалыптасқан дала заңдарында шашқа байланысты арнайы ұстанымдар болған. Егер әлдебіреу әйелдің бұрымын кессе, ол әйелдің дене мүшесінің бірін кескенмен бірдей деп есептеген. Сол себепті бұрым үшін құн төлеткен, – деді мұғалім.

Әйел үлкен күнә жасаса, оның бұрымын кескен. Әйел үшін бұл ауыр жазамен, тіпті, өліммен тең еді. Сонымен бірге жас қыздар шашының ұшын кесіп тастаса, әжесі немесе анасы оны шапалақпен ұратын болған.

– Баяғы заманда әрбір жерде шашты жаулықпен жауып жүру дағдысы болған. Отбасын өте нәзік энергетика деңгейінде сақтап, қорғау үшін солай жасалынған. Қайғы-қасірет пен жаманшылықты солай қуған. Себебі, оның бәрі шаштың ұшына жабысып, үйге кіруі мүмкін деген ырым болған, – деп атап өтті ол.

Жайылған шаш – күш-қуатты бекер ысырап ету болып саналатын. Әрбір әйел өзінің рухани құмырасының толысуын шашына күтім жасай жүріп бақылап отырған. Шашын тек күйеуінің алдында ғана жайған.

– Қыздар бұрымын ешқашан тарқатпаған. Тек қара жамылған үйдің әйелдері жеті күнге дейін бұрымын тарқатып жүреді. Бұрымын тарқатып, екі бүйірін таянып жылау, үлкен қайғы-қасіреттің болғанын білдіреді, – деді Дина Ержанова.

Оның сөзінше, әйел заты шашқа аса ұқыптылықпен, сақтықпен қараған. Шаш Тәңірдің сыйы екенін білген. Шашты күтіп, баптап, еріне жағуы мүмкін екенін білген. Тіпті кей кездері ауырған баласын да шаштың күшімен емдеген.

Фотоларды Дина Ержанова ұсынды