Павлодарлық мәнерлеп сырғанаушылар өңірлік жарыста жақсы нәтиже көрсетті
Жаттықтырушылар спортшылардың әлеуеті жоғары екенін атап өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық мәнерлеп сырғанаушылар өңірлік жарыстарда бірқатар жүлделі орынға ие болды. Алайда медальдардың басым бөлігі жасөспірімдер мен кіші жас санаттарында еншіленген.
– Себебі соңғы жылдары жаттықтырушылар құрамы тұрақсыз болды. Қазір ғана сол олқылықтың орнын толтыра бастадық, – деді Павлодар облысы мәнерлеп сырғанау федерациясының жетекшісі Жанна Ибрашева. – Мұндай деңгей бір күнде қалыптаспайды. Әсіресе жаттықтырушылар ауысқанда, ересек спортшылардың нәтижесін сақтап қалу қиынға соғады.
Жарыстың екінші күні павлодарлық спортшылар ересектер мен спорттық разрядтар санатында бір қола, бір күміс және екі алтын медаль жеңіп алды. Бұл санатта қарсыластар саны аз болған.

Облыстың аға жаттықтырушысы Софья Князеваның айтуынша, жарысқа жасөспірімдер разряды бойынша шамамен 20 бала, «алғашқы қадамдар» санатында жеті спортшы және спорттық разрядтағы мәнерлеп сырғанаушылар қатысқан.
– Жасөспірімдер арасында өте жақсы нәтиже көрсеттік. Көп жағдайда бірінші орын алдық, тұғырдың басым бөлігін иелендік. Ал спорттық разрядтарда әзірге жүлделі орындар жоқ, бірақ біз қай бағытта даму керегін түсінеміз, – деді ол. – Жарыстар тек жеке сырғанау бойынша өтті. Қазақстанда жұптық мәнерлеп сырғанау дамымаған. Бұл бағытты дамытқым келеді, алайда қазір балалар мен ата-аналар арасында оған деген қызығушылық төмен. Идея бар, ниет бар, бірақ ресурс жеткіліксіз.
Софья Князева Астана, Алматы және Қостанай спортшыларының мықты дайындығын тұрақты жаттығу процесімен байланыстырады.

– Мен Мәскеуден келгенге дейін Павлодарда балалар шамамен жарты жыл бойы толыққанды жаттыға алмады. Жаттықтырушы болмады, спортшылар элементтерді өз бетімен, YouTube арқылы қайталады. Өңірдегі басты мәселе – жаттықтырушылардың жетіспеуі. Қазір үшеуіміз жұмыс істеп жатырмыз: мен, Всеволод Князев және Артур Панихин. Артур жақын уақытта кетуді жоспарлап отыр, оның тәрбиеленушілері маған ауысады. Сонда менің қолымда 50-ден астам спортшы болады, – деді ол.
Инфрақұрылым мәселесі де бар. Қалада толыққанды жаттығу залы жоқ, бір ғана шағын хореография залы жұмыс істейді. Соның салдарынан топтарды бөліп, кестені жиі өзгертуге тура келеді.

– Бағдарламаны қою, хореография, образ бен костюм – барлығы менің жауапкершілігімде. Идея кейде музыкадан, кейде баланың мінезінен туады. Біз спортшыға сай образ табуға тырысамыз, тіпті ол қалыптасқан шеңберден тыс болса да, – деді жаттықтырушы. – Бұл жарыстағы өнер көрсетуді жақсы деп бағалаймын. Әсіресе алты ай бұрын балалар өз бетімен дайындалғанын ескерсек. Әлеует бар, әсіресе кіші жастағы және жасөспірім спортшыларда. Болашақ – соларда.
Алдағы жоспарларда – Өскеменде өтетін коммерциялық турнир және 12 ақпанда Шымкентте ұйымдастырылатын Қазақстан Республикасының Кубогы бар. Аға жаттықтырушының айтуынша, спорттық разрядтағы балалар үшін бұл жарыстар әзірге тәжірибе жинауға бағытталған, ал тұрақты жеңістер бір-екі жылдық қарқынды жаттығудан кейін күтіледі.
Жанна Ибрашева павлодарлық мәнерлеп сырғанаудың біртіндеп үлкен жеңістерге қадам басып келе жатқанын атап өтті.