Павлодарлық masters жеңіл атлеттері ҚР чемпионатында жаңа рекорд орнатты
Жеңіл атлетика ардагерлері командалық есепте 102 медальға қол жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстанның жеңіл атлетикадан жабық кешендегі бесінші чемпионаты Қарағандыда өтті. Жылдамдық пен төзімділігін сынауға еліміздің ел өңірлерінен 16 команда жиналды.

Облыстық триатлон федерациясының жетекшісі, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Виктор Бондарьдің айтуынша, павлодарлықтардың қоржынында – 56 алтын, 30 күміс және 16 қола медаль бар.
– Павлодар спортшылары өткен жылдардағы рекордты жаңартты. Ол кезде жалпы нәтиже 100 медаль мен 50 алтын болатын. Биыл біздің құрамда masters санатындағы 32 атлет және 35 жасқа дейінгі алты жас спортшы өнер көрсетті. Әсіресе, алғаш рет толық құрамда шыққан екібастұздықтар қуантты. Біз біртұтас, ұйымшыл команда ретінде шеберлік байұасып, соның арқасында рекордқа қол жеткіздік. Арамызда жас чемпиондар да бар. Мысалы, Арман Тұрсынов стипль-чез және 3000 метрге жүгіруде алтын медаль жеңіп алды. Өткен жылы ол жүлдегер болса, биыл ел чемпионы атанды, – деді Виктор Бондарь.
Павлодарлық команда жас спортшылармен қатар, тәжірибелі атлеттерімен де ерекшеленді. Олардың өнері көрермендердің ықыласына ие болды.

Чемпионаттағы ең жасы үлкен қатысушы – Пётр Парубок. Ол 84 жасында бес бірдей сайысқа қатысып, барлығында алтын медаль жеңіп алды. Оның жетістіктері: 60 метрге жүгіру, ядро лақтыру, ұзындыққа секіру, 60 метрге тосқауылмен жүгіру және 200 метрге жүгіру.

Тағы бір ардагер –гир спортынан бірнеше дүркін ел чемпионы Валентин Ухов. 79 жастағы спортшы жеке рекорд орнатып, жеті алтын медаль иеленді. Спортшы 60, 200 және 400 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру, үш қарғып секіру және екі эстафетаға – 4×200 және 4×400 метрге қатысты.
Жарыстар жалпы 25 спорт түрін қамтыды. Биыл алғаш рет 60 метрге тосқауылмен жүгіру және сырықпен биіктікке секіру енгізілді.