Павлодарлық монополистер тарифтерді көтеруді жалғастыруда
Өңірде сумен қамту, электр энергиясының бағасы тағы көтерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов мәлім етті.
Оның айтуынша, «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы аясында барлығы 15,3 миллиард теңгеге жуық қосымша инвестиция тартылған. 2027 жылға дейін тартылған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 64 миллиард теңгені құрайды.
– 2024 жылдың басынан бері «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы аясында құны 3,3 миллиард теңгені құрайтын бір инвестициялық бағдарлама бекітілді. «Павлодар-Водоканал» ЖШС электр энергиясын сатып алу және тасымалдау бағасының өсуіне байланысты тарифті көтеруге өтінім берді, – деп хабарлады Нұрлан Нұрмұратов.
Оның айтуынша, жағдайды сараптай келе, басқарма есепке алу аспаптары бар жеке тұлғалар үшін сумен жабдықтау қызметтерінің бағасын 58 теңгеден 72,85 теңгеге, есепке алу құралы жоқ жеке тұлғалар үшін 87,04 теңгеден 108,8 теңгеге дейін көтеруге рұқсат берген.
Сондай-ақ, монополистер бірінші сорғы станциясынан екіншісіне дейін бес шақырымға жуық магистральді су құбыры желісін салуды өз міндетіне алып отыр. Бұл қызмет көрсету сапасын арттырады.
Айта кетерлік жайт, 20-ға жуық монополист максималды тариф бойынша жұмыс істейді. Жалпы сомасы 48,5 миллиард теңгеге 18 инвестициялық бағдарлама бекітілген.