Павлодар-Шарбақты автожолында оғаш маневрлер жасаған жүргізуші ұсталды
Автокөлік айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы шеңберінде 1587 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
– Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін дұрыс сақтауын қадағалайды. Шетел жұмыс күші мен қала сыртындағы азаматтардың тұруын анықтау үшін шалғайдағы нүктелер мен шаруа қожалықтарын тексереді, – деп хабарлайды облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Нәтижесінде қоғамдық орындарда алкоголь ішкен, көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлескен, жылдамдықты асырған және басқа да ұсақ бұзақылық фактілер бойынша құқық бұзушылар жазаланады. Мас күйінде болған 34 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері Павлодар-Шарбақты автожолында «Nissan» автокөлігінің оғаш маневрлеріне назар аударған. Жүргізуші мас күйінде жол жиегіне шығып, жолға қайта оралып жүрген. Сонымен қатар, оның өткен жылдың маусым айында көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталғаны анықталды.
Естеріңізге сала кетейік, қылмысқа қарсы күреске, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы 30 маусымға дейін жалғасады.