Павлодарлық NIS оқушылары жасанды интеллект бойынша желілік олимпиадада топ жарды

Олимпиада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10-12-сыныптары арасында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жарыс дәстүрлі «Наурыз кездесулері» аясында ұйымдастырылды.
Олимпиадаға 150-ден астам NIS оқушысы қатысты. Болашақ IT мамандары екі күн бойы күрделі тапсырмаларды орындап, жасанды интеллект саласындағы білімдері мен дағдыларын шыңдады.
NIS Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин бұл шараның оқушылардың болашағы үшін маңыздылығына тоқталып, оның білім мен технология саласындағы жаңа мүмкіндіктерді ашатынын ерекше атап өтті:
– Өткен жылы алғаш рет Хакатон ұйымдастырып, оқушыларымыздың ерекше дарыны мен шығармашылық әлеуетін байқадық. Бұл шара идеялар алмасуға және инновациялық шешімдер ұсынуға арналған тамаша алаң болды. Ал бүгінгі олимпиада – шәкірттеріміздің жасанды интеллект саласындағы білімі мен дағдыларын тереңдетуге, осы бағыттағы озық технологияларды игеруге мүмкіндік берген тағы бір маңызды қадам.
Олимпиада нәтижесі бойынша Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Алихан Шериаздан мен Асанәлі Серікбек бірінші орынға, Жасын Егнай, Әлмансұр Райымханов, Арман Әубәкір екінші орынға ие болды. Ал Асанәлі Суханкұлов, Арман Кали, Сұлтан Миндулин мен Даниял Алданов үшінші орынмен марапатталды.
Бұл жарыс оқушыларға жасанды интеллект саласындағы білімдерін сынап, тәжірибе жинақтауға үлкен мүмкіндік сыйлады.