Павлодарлық оқушы қазақтың батыр қыздарын бейнелеп, бас жүлдені жеңіп алды
«Жүрекке сүйікті асыл жандар» республикалық балалар суреттерінің байқауы «Индиго» көркемсурет мектебінің ұйымдастыруымен Астана қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оған 7-18 жас аралығындағы 300-ден астам бала қатысты. Байқау шарттары бойынша қатысушылар өздеріне үлгі болып табылатын анасы, әжесі, досы, тәтесі, әпкесі бейнеленген суреттерді ұсынды. Аталған сында Павлодар қаласы балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының оқушысы Камила Валиханова байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.
– Камила 15 жаста, байқауға «Қазақстан тарихындағы батыр әйелдер» суретін ұсынды. Ол болмысынан шығармашыл, талантты, өте еңбекқор, түрлі байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері - Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арналған қалалық байқаудың II дәрежелі дипломанты, «The Planet of Art» халықаралық байқауының финалисі. Ал енді міне, республикалық байқаудың абсолютті жеңімпазы атанды, – дейді оның педагогы Дарьяш Касымова.
Жас өрен байқаудың жабылу салтанатына қатысып, Астана қаласының «Индиго» көркемсурет мектебінің гран-при дипломымен және 100 мың теңгеге сертификатпен марапатталды.
– Біздің қазақ даласы ерлермен тең дәрежеде Отан қорғауға шыққан батыр қыздарымен әйгілі. Мысалы, аңыздар мен ертегілерде батыр-сақ-массагеттердің билеушісі Томирис патшайымының сұлулығын, ақылдылығын, көрегендігін және ерекше көшбасшылық қасиеттерін жырлайды. Барша жұрт сүйсінетін аты аңызға айналған әйел – Мәншүк Мәметова. Ол мұндай жоғары награда - Кеңес Одағының батыры атағын алған тұңғыш қазақ әйелі. Әрине, біздің заманымыздың батыр әйелі – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі Гүлзада Камашева, – деп суреттейді өз жұмысын Камила.