Павлодарлық оқушы Еуропалық география олимпиадасында күміс медаль алды
Қазақстан құрамасы жарысты тарихи нәтижемен аяқтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Болгарияның Варна қаласында өткен Еуропалық география олимпиадасында (European Geography Olympiad, EGeo) Павлодар қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Шыңғыс Мүрсәлім күміс медаль жеңіп алды.

Биылғы олимпиадаға 13 мемлекеттен 100 оқушы қатысты. Қазақстанның тоғыз оқушыдан құралған ұлттық құрамасы екі алтын, бес күміс және екі қола медаль иеленіп, команданың барлық мүшесі жүлдегер атанды. Бұл – еліміздің аталған олимпиада тарихындағы ең үздік нәтижесі.
Жарыс барысында қатысушылар физикалық, әлеуметтік-экономикалық және аймақтық география бойынша теориялық және практикалық тапсырмаларды орындап, картографиялық материалдар мен географиялық деректерді талдау дағдыларын көрсетті.
Ұлттық құраманы жарысқа IQanat High School of Burabay мектебінің география пәнінің мұғалімі Нұрмағамбет Данат және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Шайхина Орал дайындады.
Еске сала кетейік, өткен жылы Қазақстан құрамасы Еуропалық география олимпиадасында бір алтын, екі күміс және төрт қола медаль жеңіп алған болатын.