Президент сапарынан кейін Павлодар ІТ колледжіне түсушілер саны айтарлықтай өскен

Президент сапарынан кейін Павлодар ІТ колледжіне түсушілер саны айтарлықтай өскен

Мемлекет басшысы ақпараттық технологиялар колледжіне арнайы келгенге дейін күніне орта есеппен 10-15 өтініш қабылданатын болса, сапарынан кейін күніне өтініш берушілердің саны 40-қа жеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір апта бұрын Павлодар облысына жұмыс сапары аясында ақпараттық технологиялар колледжіне арнайы атбасын бұрды. Президент аймақтық IT хаб @jylyjai-да болып, мұндағы әрбір зертхананың жұмысымен танысып шықты. Сонымен қатар, президент білім ордасының ұстаздар қауымымен және жергілікті IT-қауымдастық өкілдерімен кездесті.

Мемлекет басшысының сапарынан кейін Павлодар ІТ колледжіне оқуға түсуге ниет білдірушілер саны артқан. 

Тамыз айының алғашқы күндерінде 10-15 адамның құжатын қабылдадық, – дейді колледж басшысының орынбасары Әйгерім Хайпергина. – Бірақ БАҚ пен әлеуметтік желілерде мемлекет басшысының бізге келгені туралы ақпарат пайда болғаннан кейін қабылдау комиссиясының жұмысы екі есеге өсті. Күн сайын біздің колледжге түскісі келетін 40-қа жуық талапкерді қабылдаймыз.

Оқу орны бұрын Павлодар облысындағы ең бәсекеге қабілетті орындардың бірі саналған. Мұнда бір орынға 9 адамға дейін таласатын еді.