Павлодарлық оқушылар әскери дайындық бойынша күш сынасты
Байқауға онға жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
М.Катаев атындағы оқушылар сарайында «Мирас» облыстық жобасы аясында «Мен – болашақ жауынгермін» атты өңірлік сайыс өтті. Іс-шараның мақсаты жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру, елін-жерін қорғауға деген құрметті күшейту, әскери-патриоттық тәрбиені дамыту және ұлттық құндылықтарды насихаттау болды.

Сайыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар «Мирас» клубы аясында жыл бойы атқарған жұмыстарын таныстырып, өздерінің белсенділігін, ұйымшылдығын және шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Екінші кезең саптық дайындық сайысы болды, мұнда қатысушылар саптық жүріс, бұйрықтарды нақты орындау, тәртіп пен бірізділікті сақтау бойынша шеберліктерін көрсетті. Үшінші кезең «Әке көрген оқ жонар» тақырыбында өтіп, қатысушылар отбасы құндылықтарын, әке тәрбиесінің маңызын және ұлттық тәрбиені сахналық көріністер арқылы әсерлі жеткізді.
Сайысқа жалпы үш мектеп қатысты, әр жасақ бес оқушыдан құралды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл қатысушылар саны өткен жылдарға қарағанда аз болған, бұған дейін кемінде сегіз командадан қатысатын.

Бағалау үш негізгі бағыт бойынша жүргізілді. Клуб презентациясы, саптық дайындық және «Әке көрген оқ жонар» көрінісі. Қатысушылардың тәртібі, ұйымшылдығы, шығармашылығы, сахна мәдениеті және патриоттық мазмұнды жеткізуі ескерілді.
Қорытынды бойынша бірінші орынды Май ауданы білім беру бөлімінің «Майтүбек жалпы негізгі білім беру мектебі» иеленді. Екінші орын Ақсу қаласындағы Қабылбеков атындағы орта мектепке бұйырды. Үшінші орынды Аққулы ауданының «Әбілқайыр Баймолдин атындағы жалпы негізгі білім беру мектебі» алды.
Айта кетейік, «Мирас» облыстық жобасы өңірде 2021 жылы іске қосылған, ал 2022 жылдан бері бұл сайыс тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің бойында отансүйгіштік сезімді күшейтіп, тәртіп, жауапкершілік және ұлттық құндылықтарға құрмет қалыптастыруға үлкен үлес қосады.