Павлодарлық оқушылар инсульттан кейін қалпына келтіруге арналған тренажер ойлап тапты
Жоба Астана қаласында өткен «Биомедицина, инженерия және технологиялар» атты ХII Наурыз кездесулерінде І орынға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Назарбаев Зияткерлік мектебі баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаның авторлары - мектеп оқушылары Аида Абкенова мен Шахназар Сайлауқан. Зияткерлер жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Айнагүл Ермековамен инсульттан кейін оңалту процесін автоматтандыруға мүмкіндік беретін микросұлбалар мен сенсорлар негізінде бағдарламалық басқарылатын кешенін жасаған.
«Жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі өлімнің үштен бір бөлігі инсульттан кейін болады екен. Оңалу сапасына арнайы орталықтар мен дәрігерлердің жетіспеушілігі әсер етеді. Біз жобаны дайындау кезінде қазіргі таңда қолданылатын тренажерларды зерттедік. Rehabis – инсульттан кейін қалпына келтіруге арналған көп функционалды жаттығу жүйесі. Оған смарт қалпақ, қолғап, кубик және оңалтудың сапасы мен барысын бақылауға арналған мобильді қосымша кіреді», – дейді Аида Абкенова.
Аида Абкенова мен Шахназар Сайлауқанға Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранты берілді.
Сонымен қатар, Наурыз кездесулерінің қорытындысы бойынша NIS оқушысы Мирас Бари «Кез келген жағдайда қашықтықтан манипуляциялау үшін бионикалық қолды әзірлеу» жобасымен, Жасұлан Баймышев пен Дария Байғожина «Қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған диагностикалық тренажерды әзірлеу» жобасы үшін екінші орынға ие болды.
Айта кетейік, Наурыз кездесулері – оқушылардың ғылыми таланттары мен зерттеушілік шабыттырын көктем мерекесінің ең маңызды салт-дәстүрлерімен тоғыстыратын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының айрықша дәстүрі. Наурыз кездесулері 2011 жылдан бері өткізіліп келеді және заманауи ғылымның жаһандық басымдықтары ішіндегі ең өзекті тақырыптарға арналады.