Павлодарлық оқушылар Сатурн планетасын бақылады

«Антарес» астроклубының мүшелері кешкі жұлдызды аспанды бақылауға арналған танымдық шара өткізді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шара М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының обсерваториясында тәрбиеленушілердің республикалық астрономиялық байқауларға дайындығы аясында ұйымдастырылды.
Бақылаулар күмбез астындағы негізгі телескоп арқылы жүргізілді. Обсерватория меңгерушісі Виталий Радченко мен астроклуб педагогы Гүлнар Баубекованың жетекшілігімен қатысушылар батпайтын шоқжұлдыздардағы тұмандықтарды зерттеп, олардың құрылымы мен ерекшеліктерін талқылады.
Көкжиекке жақын орналасқан кометаны бақылау әрекеті де қызықты сәттердің бірі болды. Аспан денесінің жарықтығының әлсіздігі мен қалалық жарықтың әсеріне қарамастан, оқушылар оның орналасқан орнын анықтап, кометаларды бақылаудың тиімді тәсілдері туралы пікір алмасты.
Кештің ең әсерлі бөлігі Сатурн планетасын бақылау болды. Телескоп арқылы балалар оның әйгілі сақиналарын, бірнеше серігін және беткі қабатындағы ерекшеліктерін тамашалады. Көпшілігі үшін бұл алып ғаламшарды алғаш көру мүмкіндігі еді.
Сонымен қатар, педагогтар Ertis Promenade сахнасында Отбасы күніне орай өткен интерактив барысында берілген уәдені орындап, сол шараның жеңімпаздары мен қатысушыларын обсерваторияға шақырды.
– Біз өз уәдемізді орындадық. Балалар тамаша әсер алды, ал біз ізденімпаз отбасылармен кездескенімізге қуаныштымыз. Бұл кездесу жаңа жаңалықтардың бастауы болсын, – деді астроклуб педагогы Гүлнар Баубекова.
Кеш соңында қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, келесі бақылауларға жоспар құрды. Мұндай шаралар балалардың ғылыми ойлау қабілетін дамытып, астрономияға деген қызығушылығын арттырады.