Павлодарлық оқушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы эссе жазумен жарысты

Павлодарлық оқушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы эссе жазумен жарысты
Фото: pexels.com / Kaboompics.com

Байқауға 10-сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқаудың мақсаты – шығармашылық белсенділікті қолдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, креативті және стандартты емес ойлауды қалыптастыру.

– «Сыбайлас жемқорлық туралы не білемін» эссе байқауына қаланың 35 жалпы білім беретін мектептерінің 10-сыныптың 37 оқушысы қатысты. Эссе жазу үшін қатысушыларға «Сыбайлас жемқорлық және оның менің елімнің болашағына әсері», «Қоғамдағы адалдық пен әділеттіліктің рөлі», «Жемқорлықсыз қоғам құрудағы менің рөлім» атты үш тақырып берілді, – деді қалалық білім беру бөлімінде.

Жарыс қорытындысы бойынша № 25 мектебінің оқушысы Жаннұр Нағымет және Ш. Шөкин атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Арина Шрейдер бірінші орынды иеленді.

– Маған шараға қатысу қызықты болды. Мен өз эссемде нормативтік құжаттарға сілтеме жасап, құқықтық мемлекетте заң мен сот алдында барлығы бірдей құқыққа ие деген қорытынды жасадым. Демек, ешкім де өз мәртебесі мен жағдайын пайдакүнемдік мақсатта пайдаланбауы керек, – дейді № 25 мектептің 10-сынып оқушысы Жаннұр Нағымет.

Екінші орынды Малайсары батыр атындағы №26, М. Жүсіп атындағы №27 және А. Бөкейхан атындағы №18 мектеп оқушылары иеленді.

А.Байтұрсынұлы атындағы №14, Б. Момышұлы атындағы 35, А.Шамкенов атындағы №29, Кенжекөл орта мектебінің оқушылары үшінші орынға ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Павлодар дарыны» орталығының I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталды.