Павлодарлық педиатрлар балалар ауруының алдын алу жолдарын атады
Екпе балаларда ауыр инфекциялар қаупін айтарлықтай төмендетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баланың денсаулығын бақылау туған сәттен бастап жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Мамандардың айтуынша, бір жасқа дейінгі балалар ай сайын дәрігерлік тексеруден өтіп, қажетті скринингтер мен зертханалық талдаулар тапсырады. Сондай-ақ бала салалық мамандардың қарауынан өтеді. Бұл даму барысындағы ауытқулар мен түрлі дефициттерді ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Педиатрлар ата-аналардан түскен шағымдар негізінде қосымша тексерулер тағайындап, кеңейтілген анализдер жүргізеді. Қажет болған жағдайда ем тағайындалады. Сонымен қатар балалардың міндетті түрде вакцина алуы ерекше назарда. Алайда шектеулер туралы да ұмытпаған абзал.
– Гемофильді инфекция мен пневмококкқа қарсы екпе алған балада отит пен пневмониямен ауру жиілігі 50-60 пайызға азаяды. Бала балабақшаға бейімделуді жеңіл өткереді, күз-қыс мезгілінде сирек ауырады. Егер бала мерзімінен бұрын туған болса, оларға гепатит пен туберкулезге қарсы екпе салынбайды, себебі олар реанимацияда жатады. Салмағы екі келіден асқан соң ғана вакцинация жасалады. Ал онкология, ДЦП, эпилепсиясы бар балаларға ремиссияға шыққанға дейін екпе салуға болмайды, – деді «Almaz Medical Group» ЖШС-нің педиатры Айгерім Зейнолла.
Дәрігердің айтуынша, тек вакцинация ғана емес, күнделікті қарапайым гигиеналық және тұрмыстық дағдылар да маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, қолды жиі жуу, баланы тұрақты шомылдыру, үйді желдету және бөлме температурасын дұрыс ұстау баланың жиі ауыруының алдын алады.
Сондай-ақ балабақшада науқас балаларды ерте анықтап, оларды педиатрға жіберу қажеттігі де айтылды.
Бұдан бөлек, дұрыс тамақтану да иммунитеттің негізі саналады. Баланың рационында ет, көкөніс пен жеміс жеткілікті болуы тиіс. Мамандар ата-аналарды балалардың денсаулығын жүйелі бақылап, профилактикалық шараларды қатаң сақтауға шақырады.