Павлодарлық полиция ата-аналарға түнгі серуендеу жауапкершілігін еске салды

Жыл басынан бері екі мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кәмелетке толмағандардың қатысуымен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Жиі кездесетін бұзушылықтардың бірі – кәмелетке толмағандардың белгіленген уақытта үйден тыс жерде болуы. Полиция ата-аналарға балалардың түнгі серуендеуі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін түсіну қажеттігін ескертеді.
– Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуының 2211 фактісі анықталды. Осы деректер бойынша барлық ата-аналар жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуына жол берген ойын-сауық орындарының 53 иесіне қатысты әкімшілік материалдар толтырылды. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда балағат сөздер айту сияқты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 41 ата-ана жазаланып, олармен профилактикалық әңгімелер жүргізілді, – делінген хабарламада.
Полицейлер балалардың заңды өкілдерін кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыруға жауапкершілікпен қарауға шақырады.