Павлодарлық сарбаздар білім гранттарына ие болды
Еліміздегі жоғары оқу орындарына жолдама алған үздік сарбаздарға сертификат табыстау рәсімі әскери бөлімде өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6979 әскери бөлімінің төрт сарбазы білім грантына ие болды. Әскер сапында жүріп, тегін білімге жол ашқан мерзімді әскери қызметшілердің ата-аналары да назардан тыс қалмады. Салтанатты рәсім барысында әскери бөлім командирі подполковник Аманжол Айтенов шараға қатысқан ата-аналар қауымына да Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыстады.
– Алдағы уақытта әскери бөлімде борыштарын өткергендер жоғары оқу орындарын үздік бітіреді деген ойдамын. Біздің сарбаздар еліміздің өркендеуі мен дамуына зор үлес қосатынына сенім мол. Осындай жеңілдіктер жиі ұйымдастырылса, жастарды әскерге шақыру науқаны барысында ынталарын оятады деген сенімдемін, – дейді 6979 әскери бөлім командирі подполковник Аманжол Айтенов.
Айғали Орындыбаев Талдықорған қаласынан әскер қатарына шақыртылған. Білім грантының иегері ұшқыш болғысы келеді. Әуе кеңістігін бағындырып, аспан шебін қорғау – сарбаздың балаң шақтағы арманы.
– Мен Ақтөбе қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің институтына түспекпін. Себебі, білім нысаны – Орталық Азиядағы ұшу және инженерлік-техникалық құрамды оқытатын жалғыз әскери институт. Алдағы уақытта ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаратын маман болғым келеді, – дейді қатардағы жауынгер Айғали Орындыбаев.
Берілген сертификат екі жылға жарамды. Сарбаздың тәртібі, жауынгерлік даярлық, психологиялық жағдайы сынақ түрлерінің негізгі шарттарына жатады. Ел бойынша конкурстық іріктеуге 17 мыңнан астам мерзімді әскери қызметші қатысқан.
Еске салайық, өткен жылы Қорғаныс министрлігі 70-ке жуық ЖОО-мен әскери міндетін өтеген жастардың тегін білім алуы туралы келісімшартқа қол қойған болатын.