Павлодарлық сегіз студент ТОП-100 үздік студент атанды

Республикалық кезеңге облыстық колледждердің үздік 10 студенті жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық конкурсы өз мәресіне жетті.
Үш кезеңнен өткен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасындағы байқау барлық 20 өңірді қамтыды.
Негізгі мақсат – дарынды жастарды қолдау, кәсіби дағдыларын дамыту және жеке тұлғалық өсуге ынталандыру.
Ағымдағы жылы «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» республикалық байқауының өңірлік кезеңіне облыстың 19 колледжінен 48 студент қатысты. Өңірлік кезең қорытындысы бойынша республикалық кезеңге қатысу үшін облыстық колледждердің үздік 10 студенті жіберілді.
Іріктеу нәтижелері бойынша Санжар Зейнулла, Даниил Терещенко, Диана Зекенова, Назлы Какимова, Назерке Қайыргелдинова, Айда Аблаева, Темиржан Оразалинов, Ибрагим Тоқтаров еліміздің ТОП-100 үздік студенті атанды.
Павлодар жоғары экономикалық колледжінің «Құқықтану» мамандығының 2-курс студенті Айда Аблаева алты жасынан бері спортпен айналысып келеді. Ол облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстардың жеңімпазы.
– Байқау өте жақсы өтті. Бұл жастарды қолдауға, оларды дамытуға бағытталған тамаша мүмкіндік деп ойлаймын, – дейді Айда Аблаева. – Осындай жобалар өзіңді көрсетуге, жаңа адамдармен танысуға және алдағы уақытта одан әрі даму үшін мотивация алуға көмектеседі.
Оның айтуынша, спорт өмірімнің бір бөлігіне айналған. Әрдайым өзін жетілдіруге шабыт береді. NOMAD MMA аралас жекпе-жектен 2023 жылғы 17 наурыздағы № 87 бұйрық бойынша спорт шеберіне кандидат болып танылды. Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатының бірінші, екінші, үшінші орындарының және жекпе-жек өнерінің аралас түрлері бойынша жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты бірінші орын иегері.
«Тәуелсіздік ұланы» – 2024 байқауының жеңімпазы, «Жыл серпілісі» аталымы бойынша «BELES» байқауының жүлдегері, сондай-ақ, 2023 және 2024 жылдардың «Үздік спортшысы» деп танылған.