Павлодарлық шаңғышы Универсиаданы қалай аяқтады

Павлодарлық шаңғышы Универсиаданы қалай аяқтады
Фото: @llizzawwx

Жиырма жасар Елизавета Толмачева осынау ірі форумға тұңғыш рет қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық алдымен он шақырымдық шаңғы жарысында сынға түсті. Турин маңындағы Праджелато План жерінде шаңғышы жарыстың көшбасшысы польшалық Изабела Марчижден төрт минуттан астам уақыт қалып, 32:11,1 көрсеткішімен 45-ші болып мәреге жетті.

Келесі кезекте әйелдер арасында шаңғы жарысының классикалық спринт түрінен іріктеу жарыстары өтті. Жалпы стартқа 71 спортшы қатысты, оның ішінде ұлттық құрама сапында павлодарлық Елизавета Толмачева да болды. Шаңғышы көшбасшы итальяндық Мария Эуджения Боккардиден 31,26 секундқа қалып, 47-орынға түсіп, үздік отыздыққа кіре алмады.

Елизавета Толмачева 4 х 7,5 шақырымдық эстафетада Мария Геращенко, Анастасия Ротова, Лаура Кінібаева және Әсем Жұмағазиеваға жол беріп, қазақстандық құрамаға қосыла алмады. Біздің қыздар тоғызыншы орын алды.

Ақырында, 20 шақырымдық финалдық масс-стартта павлодарлық алғашында қатысушы ретінде тіркелсе де, старт сызығына келмеді.

Туринде өткен ХХХІІ қысқы Универсиада павлодарлық шаңғышы үшін осылай аяқталды. Қазақстан құрамасы 14 медаль жеңіп алып, 12-орынға тұрақтады: үш алтын, төрт күміс және жеті қола. Француздар 40 медальмен бірінші орын алды.