Павлодарлық спортшы әлем чемпионатында жеңіске жетті

Павлодарлық спортшы әлем чемпионатында жеңіске жетті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қарағандыда күштік спорт түрлерінен «Алтын Батыр» әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы Аққулы ауданының Жамбыл ауылынан барған спортшы Қайыргелді Айғожин әлем чемпионы атанып, спорт шебері нормативін орындады.

Жалпы жарысқа Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа елдерден, сондай-ақ Қазақстанның түрлі өңірлерінен 1200-ден астам атлет қатысты. Ең жас қатысушы – 11 жаста, ал ең аға спортшының жасы 80-нен асқан.

– Қарағандыда біз күштік спорт түрлерінен әлем чемпионатының алғашқы кезеңін өткізіп жатырмыз. Бұл – спортшылар үшін үлкен мотивация, себебі спорт – салауатты өмір салтының ең жақсы насихаты, – деді турнир ұйымдастырушысы, Қазақстанның мультиспорт федерациясының президенті Никита Полищук.

Жарыс бағдарламасында штангыны жатып көтеру, стандық тарту, армлифтинг, күштік қос сайыс, бицепске арналған экстремалды жаттығулар және стритлифтинг секілді бағыттар болды. Турнирге 20 тоннадан астам спорттық жабдық жеткізілді.

«Алтын Батыр» чемпионаты тек сайыс емес, рух пен ерік-жігерді шыңдаған мереке болды. Қатысушылардың әрқайсысының өз тарихы бар, бірақ барлығын біріктіретіні – күшке, алға ұмтылуға деген сенім.

– Кез келген спорт бұлшық етті ғана емес, рухты да шынықтырады, – деді Никита Полищук.

Жеңімпаздарға кубоктар, медальдар және арнайы марапаттар табыс етілді.