Павлодарлық студенттер Ертіс өзенінің аңғарындағы ежелгі қорымдарды зерттейді

Марғұлан университетінде жаңа археологиялық маусым басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа маусым аясында университеттің студенттері мен ғалымдары Ертіс өзенінің аңғарындағы ежелгі қорымдарды зерттеумен қатар, Солтүстік және Шығыс Қазақстандағы қалашықтар мен мавзолейлерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді.
– Бұл археологиялық зерттеулердің жиырмасыншы маусымы. Оның академик Ә.Х. Марғұланның туған күнімен тұспа-тұс келуі де шарамызға ерекше мазмұн береді. Сіздер, жас зерттеушілер, оның ісін жалғастырып, еліміздің мәдени және тарихи мұрасын зерттеуге өз үлестеріңізді қосуға ерекше мүмкіндік аласыздар, – деді университет ректоры Ержан Әмірбекұлы маусымның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде..
Ғалым-тарихшылармен қатар, экспедицияға жапсарлас мамандықтар бойынша білім алып жүрген студенттер де қатысуда. Бұл оларға тарихты тереңірек түсініп, нақты ғылыми зерттеулерге араласуға мүмкіндік береді.
Экспедиция қатысушыларына Жоғары гуманитарлық ғылымдар мектебінің деканы Анар Кәрімова, «Тарих» білім беру бағдарламасының жетекшісі Бауыржан Абдрахманов және археологиялық практика жетекшісі Асқар Әбілдин құттықтау сөздерін арнады.
Іс-шара соңында қатысушылар алдыңғы маусымдардың белсенді студенттерінен зерттеу күнделіктерін алып, Әлкей Марғұлан ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.