Павлодарлық студенттер «Еуразия кубогында» үздік өнер көрсетті

Байқауға Қазақстан мен шет елдерден келген орындаушылар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау қаласында Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен өткен «Еуразия кубогы» атты баян және аккордеон орындаушыларының III Халықаралық байқауында павлодарлық студенттер өнерлерімен көрерменді тәнті етті.
Музыкалық байқауға орта арнаулы және жоғары оқу орындарының 38 студенті «Жеке орындау» және «Ансамбльдік орындау» аталымдары бойынша бақ сынады. Байқауда 31 жеке орындаушы мен 7 ансамбль өз өнерлерін көрсетті.
– Павлодар музыкалық колледжінің студенттері Ернұр Нөгербек пен Кирилл Мякота баяншылар дуэтінің құрамында III дәрежелі лауреат атанды. Бұл – олардың жоғары кәсіби шеберлігінің, еңбекқорлығының және шығармашылық белсенділігінің дәлелі. Байқау әлемнің түрлі елдерінен келген орындаушыларды жинап, шығармашылық бәсекелестікке толы ортада өтті. Әр қатысушы өз аспабын жоғары деңгейде меңгеруге, көркем бейнелеуге және сахналық мәдениет саласында ерекшеленуге тырысты, – делінген хабарламада.
Музыкалық колледждің баяншылар дуэті өзара үйлесіммен, орындаушылық техникасымен және музыкалық тазалығымен қазылар алқасын таң қалдырды. Олар оқытушысы А.А.Шевчуктың жетекшілігімен классикалық және заманауи шығармалардан құралған әсерлі бағдарлама дайындап, орындаушылық шеберліктерін кең ауқымда көрсете білді.