Павлодарлық студенттер теңге тарихы мен банк қызметі туралы қызықты ақпараттармен танысты

Павлодарлық студенттер теңге тарихы мен банк қызметі туралы қызықты ақпараттармен танысты
Фото: ұйымдастырушылардан

Ұлттық валюта мен қаржыгерлер күніне арналған Ашық есік күні өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі филиалында ұйымдастырылған іс-шараға қаланың жетекші білім беру мекемелерінің студенттері мен оқытушылары қатысты: Инновациялық Еуразия университеті, Toraighyrov University, Қазтұтынуодағы Павлодар Жоғары экономикалық колледжі, сондай-ақ «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері келді.

Қонақтарға филиал қызметі, теңгенің қалыптасуы мен даму тарихы, Қазақстандағы ақша айналысының ерекшеліктері туралы толық ақпарат ұсынылды.

Филиалдың мұражайына экскурсия ұйымдастырылып, қазақстандық банкноттар мен монеталардың шығу тарихы таныстырылды. Сонымен қатар, қатысушылар үшін қызықты викторина өткізілді. Викторинаның қорытындысы бойынша студенттер мен жастар Ұлттық Банктің ескерткіш монеталарына ие болды.

Бұл Ашық есік күні қатысушылар үшін тәжірибе алмасуға, теңге тарихын еске алуға және қаржылық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік берді.