Павлодарлық студенттерге жаңа қылмыс түрлерінен қалай сақтану керектігі ескертілді

Полиция жастарды заңды сақтау мен тәртіпке шақырды, деп хабарлайды @Pavodarnews.kz.
Тәртіп сақшылары павлодарлық «Электроника және коммуникация жоғары колледжі» базасында қауіпсіздік сабағын өткізді.
Құқық қорғаушылар студенттерге құқықтары мен міндеттері, құқықбұзушылықтың салдары және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдары туралы айтып берді. Кәмелетке толмағандар арасында ең көп кездесетін құқықбұзушылықтарға назар аудартып, нақты мысалдар келтірді, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы түсіндірді. Сондай-ақ өзіңді және жақындарыңды фишингтен, криптовалютаға қатысты алаяқтықтан және жаңа қылмыс түрлерінен қалай сақтану керектігін баяндады. Елде дропперлік, сталкинг және мәжбүрлеп үйлендіру үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілгенін түсіндірді.
Сондай-ақ кездесу барысында студенттерге түнгі уақытта көшеде серуендеу ережелері, ойын-сауық орындарының қауіптілігі жайлы айтылып, нашақорлық, құмар ойын, маскүнемдік және қоғамдық тәртіп бұзудың қауіптері жөнінде ескертілді.
– Кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениетін, тәртіп пен заңдылықты сақтауға шақыру – полиция жұмысының басым бағыттарының бірі. Жастайынан ойланбай жасалған әрекеттердің салдарын білу маңызды. Мұндай іс-шаралар тек алдын алу үшін ғана емес, студенттік аудитория арасында жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған. Біз барлығын заң мен тәртіпті сақтауға, бір-біріне және айналаға құрметпен қарауға шақырамыз, – деді Павлодар қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция тобының аға инспекторы Руслан Сүлейменов.
Тікелей форматтағы әңгіме студенттердің қызығушылығын тудырып, кәмелетке толмағандар жасайтын құқыққа қарсы әрекеттердің ауырлығын түсінуге ықпал етті.
Іс-шара соңында студенттер ұйымдастырушыларға пайдалы сабақ үшін алғыс айтып, ал тәртіп сақшылары жастарға кәсіби шыңдалуға, білімді, білікті маман болуға, сондай-ақ заңды бұзбай, тәртіп сақтауға тілектестігін білдірді.