Павлодарлық термеші Халықаралық байқауда жүлде алды
Шара Астана қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Ағайша Исағұлова атындағы l Халықаралық сырнайшы-әншілер байқауы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Аталған байқауда дәстүрлі әнші, термеші, мәдениет саласының үздігі, облыстық «Шаңырақ» орталығындағы «Майра» мектебінің жетекшісі Салтанат Қисатова екінші орынға ие болды.
– Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші онлайн бөлімінде қырыққа жуық адам қатысқан болатын. Екінші турға іріктеуден өткен 25 адам келді. Оның ішінде Татарстан, Өзбекстан, Қытай елдері мен Қызылорда, Маңғыстау, Алматы өңірлерінің мықты өнерпаздары бақ сынады. Мен бұл байқауда Майраның «Толқыма» әнін, Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңі мен Қайыпназар Әйтпеновтің «Жүргендерін саламат» термесін орындадым, – деді Салтанат Қисатова.
Еске сала кетейік, жуырда Марғұлан университеті музыкалық білім беру бағдарламасының оқытушысы, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Салтанат Қисатованың «Әсем әнім сырнайда» атты алғашқы ән кеші өткен болатын. Бұл күні өнерпаз Мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін төсбелгісімен, Халықаралық Түріксой ұйымының 30 жылдығына орай «Түріксой» медалімен, «Бейбітшілік Әлемі» одағының «Мәдениет майталманы» медалімен марапатталды.