Павлодарлық учаскелік инспектор зейнеткерді қомақты қарыздан құтқарып қалды
Егде жастағы әйел алаяқтардың арбауына түсіп қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында солтүстік полиция бөлімінің қызметкері егде жастағы тұрғынға қатысты ірі алаяқтық әрекеттің алдын алды. Әйелдің атына миллиондаған теңге көлемінде несие рәсімдемек болған.
— Алаяқтық әрекеті туралы хабар «102» арнасына келіп түсті. Бір минут та жоғалтпай, шақырту орнына учаскелік полиция инспекторы Дамир Мағзұмов барды. Кейін анықталғандай, алаяқтар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткер әйелді алдап, оның атына қашықтан 3,5 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеуге әрекет жасаған. Әйелдің қызы күмәнданып, дер кезінде полицияға хабарласқан,- дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнына келген учаскелік инспектор Дамир Мағзұмов жедел әрі кәсіби әрекет етті. Ол жағдайды жылдам бағалап, абдырап қалған әйел мен оның туыстарын сабырға шақырып, күмәнді операцияны тоқтатуға және несие рәсімделуінің алдын алуға көмектесті. Тәртіп сақшысының қырағылығы мен кәсібилігінің арқасында алаяқтардың жоспары жүзеге аспады.
Зейнеткердің қызы полицейдің жедел әрекетіне ризашылығын білдірді.
— Алаяқтар анамның атына несие рәсімдеуге тырысты. Біз полиция шақырдық, қызметкер небәрі бес минуттың ішінде келді. Дамир Жүсіпұлы тез арада жағдайды түсініп, бізді сабырға шақырып, не істеу керектігін нақты түсіндірді. Оның көмегінің арқасында несиеге берілген өтінім дер кезінде бұғатталды,- дейді жәбірленушінің қызы.
Полиция өңір тұрғындарына бейтаныс адамдар хабарласып, өздерін банк, құқық қорғау органдары немесе медициналық мекеме қызметкерлері ретінде таныстырып, жеке деректеріңізді, SMS-кодтарды айтуды немесе несие рәсімдеуді талап етсе, әңгімені дереу тоқтатуды ескертеді. Телефон тұтқасын қойып, болған жағдай туралы бірден «102» арнасына хабарлау керек.