Павлодарлық вокалист Роза Рымбаеваның әніне кавер жасады

Павлодарлық вокалист Роза Рымбаеваның әніне кавер жасады
Фото: Есенжол Исабек

Айбар Әшкеев «Ұнайды маған» жобасына қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһардың талантты әншісі Айбар Әшкеев еліміздің үздік кавер орындаушыларын анықтайтын «Ұнайды маған» жобасында өз өнерін паш етті. Әнші Роза Рымбаеваның «Жаңбырлы түн» әнін орындап, көрермен мен қазылар алқасының назарын өзіне аударды.

Қазылар алқасы құрамында Жанар Айжанова, Жұбаныш Жексен және Маржан Арапбаева болды. Жалпы, өнер адамдары павлодарлыққа оң баға берді. 

– Бағанадан бері тыңдап келе жатқан әншілердің ішінен салыстырмалы түрде мен сізге жасыл батырманы бастым. Бірақ Айбарға айтарым – болашақта «мен осы бағыттағы әншімін» деп, бір ғана стильде қалып қоймау керек. Бұл – эстрадалық ән, сіздің бүгінгі стиліңіз оған үйлеспеді. Дегенмен бойыңызда үлкен әншілік қасиет бар екенін көрдім, – деді Жұбаныш Жексен.

Ал өз сөзінде Жанар Айжанова Айбардың сахнадағы тәжірибесін атап өтті.

– Айбар – сахнаға үйренген, төселген әнші. Бұл жобаға келіп, өзіне жаңа тәжірибе жинау керек деп ойлаймын. Бірақ сүйемелдеу саған ауырлау болды. Дегенмен мен сенің өз-өзіңмен жұмыс істеп, өсетініңе сенемін, – деді ол.

Жоба ережесіне сәйкес, студиядағы көрермендер сахнада өнер көрсеткен әр қатысушыға өткен бағдарламаның жеңімпаздары арасынан қарсылас таңдап, батл ұйымдастырады. Дәл осы сәтте кімнің жобада қалатыны белгілі болады. Айбардың қарсыласы болып атыраулық 24 жастағы Талғат Манас таңдалды. Ол Жұбаныш Жексеннің «Өкінбе сен» әнін ерекше әсермен орындап, қазылар алқасының ыстық ықыласына бөленді. Барлық әндер музыкалық топтың сүйемелдеуімен, табиғи дауыста орындалады.

Айта кетейік, Айбар Әшкеев –  Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның вокалисі және музыкалық колледждің оқытушысы. Әнші балалық шағынан өнерге жақын болып, бес жасынан ән айта бастаған.

–  Әкем сахнаға бірге шықсаң, ойыншық алып беремін деп қызықтыратын. Солай мені әнге баулыған екен. Сегіз жасымда әкем қайтыс болған соң, 12 жасқа дейін сахнадан алыстап кеттім. Кейін бұл менің жолым екенін түсіндім, – дейді ол.

Бүгінде Айбар сүйікті ісімен айналысып, анасының қолдауын ерекше бағалайды.