Павлодарлық зауыттар енді шығарындылар лимитінен аспайды

Павлодарлық зауыттар енді шығарындылар лимитінен аспайды

Солардың бірі елімізде алюминий өндіретін жалғыз кәсіпорын – «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Атмосфераға шығарындылар көлемі Павлодар облысы үшін өзекті мәселе болып қала береді. Өндіріс процесі экологияға ауыртпалық түсіретін облыста 15 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл сайын шығарындылардан шамамен 700 мың тонна ластаушы заттар ауаны уландыруда. Сондықтан былтырдан бері 11 қауіпті кәсіпорында шығарындыларды автоматты бақылау жүйесі қадағалап отыр. Компьютер барлық деректерді Ұлттық банк сайтына жібереді, кейін оны облыстық экология департаментінің қызметкерлері қадағалайды.

– Кәсіпорындардың шығарындылары химиялық заттар бойынша жіктеледі. Әрбір кәсіпорынның қолайлы және қабылданбайтын ластану шегі бар. Мысалы, электролиз зауытынан ауа алюминий фториді, көміртегі, СО2, СО және бейорганикалық заттармен ластанады. Тәуліктік шығарындылар секундына 0,5 грамнан асып кетсе де, бұл бұзушылық болып саналады, – деп түсіндірді экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Сабина Мұхаметқалым.

Алюминий электролиз газ тазалау цехының бастығы Ардақ Оқаповтың айтуынша, автоматты жүйе ауаға шығарылатын газдарды бақылап қана қоймай, цех жұмысын да жеңілдетті.

– Біз алюминий өндіру процесінде пайда болатын электролиз газдарын тазартамыз. Барлығы төрт газ қондырғысы бар. Бұрын жүйелер болмағандықтан, қондығыларға өзіміз визуалды тексеру жүргіздік, сондықтан параметрлер толығымен дұрыс болмады. Енді бес бірдей автоматты бақылау қондырғысы жұмыс істеуде, олар біздің жұмысымыздың жартысын жасайды, яғни шығарындылар деңгейін бақылайды. Ал мәліметтердің негізінде қандай да бір мәселе туындаса, жедел шара қолданамыз, – деді басшы.

Компания автоматты бақылау жүйесін өзі сатып алып орнатқан. Жұмыс істеген бір жыл ішінде компьютер бірде-бір заң бұзушылықты анықтаған жоқ.

Фото: автор