Павлодарлық жас құтқарушы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды
Республикалық додада өрт сөндірушілер оқу мұнарасына шабуыл сатысымен көтерілу бойынша сынға түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасы чемпионатының алғашқы жарыс күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жас спортшысы Кирилл Черевко қола жүлдеге ие болды.
Спортшы «Оқу мұнарасының екінші қабатының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу» сайысында үшінші орын алып, жоғары дене дайындығы мен кәсіби шеберлігін көрсетті.
Өрт сөндіру-құтқару спорты күшті, жылдамдықты, төзімділік пен дәлдікті талап ететін техникалық күрделі спорт түрлерінің бірі саналады.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Кирилл Черевконың жүлдесі өңір құрамасының чемпионаттағы алғашқы жетістіктерінің бірі болды.