Павлодарлық жас құтқарушылар республикалық слетте жүлдеге ие болды
Команда авариялық-құтқару жұмыстары кезеңінде екінші орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірдің жас құтқарушылар командасы Көкшетауда өткен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Жас құтқарушы» республикалық слетіне қатысып, жүлделі орын иеленді.
– Биылғы жарыста еліміздің барлық өңірінен келген 19 команда жеті кезең бойынша өзара бақ сынады. Қатысушылар білімін, төзімділігін, ептілігін және командалық үйлесімділігін көрсетті, – деді ведомствода.
Жарыс қорытындысында павлодарлықтар «Техногендік апат аймағындағы авариялық-құтқару жұмыстары» («жауынгерлік қанат жаю») кезеңінде екінші орынға ие болды.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметі атап өткендей, жүлделі нәтиже команданың жоғары дайындық деңгейі мен кәсіби шеберлігін көрсетті.