Павлодарлық жас сарбаздар Әбіш Кекілбаевтың шығармасын талдады
Шара «Менің сүйікті кітабым» республикалық челленджі аясында іске асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Қабанбай батыр» атындағы облыстық мамандандырылған «Жас сарбаз» лицей-мектеп-интернатының сарбаздарына Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, "Қазақ тілі және журналистика" кафедрасының меңгерушісі, доцент Айман Зейнулина арнайы әдеби-танымдық дәріс оқыды. Мұнда қатысушылар Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» шығармасын талдады.
- Аймақтардан челлендждің ашылу салтанатына білім басқармалары, әдістемелік орталық әдіскерлері, орта білім беру ұйымдарының педагогтері мен оқушылары қатысты. Әр өңір қазақ әдебиетінің белгілі бір шығармасын насихаттау үшін 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қалалардың мектеп жасындағы оқушылары өзара берілген көркем шығарманы бір ай бойы оқып, қаламгерлердің туындыларымен танысады. Біздің аймақтың оқушыларына Маңғыстау облысы Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» шығармасын жолдады, - делінген хабарламада.
Шара барысында тәрбиеленушілер жазушының шығармалары туралы ойларымен бөлісті. Әдеби дәрістен оқушылар қазақ тарихы мен қазақ әдебиетінің пәнаралық байланысын, тілдік ерекшеліктерін, шығарманың өзектілігіне ден қойып, мол ақпаратпен қаныға алды.
Сонымен қатар, қаламгердің шығармаларынан тұратын кітап көрмесі ұйымдастырылады.